Таңда Тепличное ауылы тұсында жағдай тұрақты болғанымен түс ауа өзгеріп сала берді. Есіл өзенінің деңгейі тағы да көтерілді. Тұтас елдімекенге қауіп төнді. Осыған байланысты тұрғындарды эвакуациялау туралы шешім қабылданды.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылжар ауданының Тепличное ауылында алдын ала эвакуация жүргізу туралы шешім қабылданды. Эвакуация 25 сәуір күні сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Көлікпен тасымалдауға мұқтаж тұрғындар үшін арнайы көлік және жедел жәрдем қызметтері ұйымдастырылады.
Облыстық әкімдіктің телеграм арнасында осындай хабарландыру жарияланды. Эвакуациялық пункттер алдын ала дайындалды. Олар: Бескөл ауылындағы №2 орта мектеп пен Петропавлдағы Жұмабаев көшесі, 198 мекенжайындағы жатақхана. Журналистер үшін бейінді департамент қабырғасында шұғыл брифинг ұйымдастырылды. Күндізгі 16:00-дегі жағдай бойынша облыс орталығы тұсында соңғы 2 сағат ішінде Есіл өзенінің деңгейі 3 см-ге көтерілген.
ВЛАДИМИР ХУТИНАЕВ, СҚО ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы:
– Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылы маңында Есіл өзенінің деңгейі 2 см төмендеді. Бұл жерде 2 тәуліктен бері өсім байқалмайды. Яғни, тасқынның беті қайтты. Ал Петропавл қаласының аумағында керісінше жағдайды анықтап отырмыз. Қазгидромет мамандарының хабарлауынша, әлі де көп су келеді.
Тепличное ауылы тұрғындарын эвакуациялау үшін 7 арнайы көлік пен 3 автобус қарастырылған. Тұрғындардың барлығы бірдей үйлерін тастап кеткілері келмейді.
Қауіп аумағынан шығарылған тұрғындарға тиісті жағдай жасалады. Халық төсек-орынмен, тамақпен қамтылады. Бұл мәселе алдын ала қарастырылып, шешімін тауыпты. Қазір Қазгидромет мамандары бақылау жұмыстарын күшейтті. Олардың болжамы бойынша Петропавлдың аумағында Есіл өзенінің деңгейі алдағы күндері де көтеріледі.
Мәдина Қаби