Биыл жыл басынан бері облыстағы өндіріс орындарында 7 жазатайым оқиға орын алып, 12 адам жарақат алды. Ал өткен жылы 34 жайсыз жағдай тіркелген. Салдарынан 5 адам қаза тауып, 39-ы жарақат алған. Бұл туралы “Еңбекті қорғау” күніне арналған жиында осы салада жүрген мамандар айтты.
ЕРІК НҰРАҚАЕВ, “СҚО кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
– Жыл сайын еңбек процесінде мыңдаған адам жарақат алып, 200-ге жуығы дүниеден өтеді. Сондықтан, еңбекті қорғау кәсіподақ үшін ең маңызды шара болып табылады.
Жұмыста биыл болған жайттардың бірі Петропавл электротехникалық зауытында тіркелді. Қаңтар айы кезінде жұмысшылардың бірі оңбай жарақат алады. Ол кранмен көтеретін алып темірді қолмен қозғалтпақшы болғанда ауыр дүние аяғына құлаған.
МИХАИЛ БРЮХАНОВ, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі инженері:
– Бұл жерде қызметкердің өзінен қателік кетті. Себебі, металл орамы өте ауыр. Оны міндетті түрде кранмен көтеру қажет. Жұмысшымыз әлі ем қабылдап жатыр. Негізі, мәселе заң бойынша шешілді. Кәсіпорынға келген тиісті орган өкілдеріне мән-жайды түсіндіріп бердік.
Мұндай жағдайларды болдырмас үшін ең алдымен жұмыс беруші өзінің жауапкершілігін сезінуі керек. Өндіріс орындарында жұмысшылар қауіпсіздік ережесінен хабардар болуы қажет. Қос тарап ортасында түйткіл туындаса еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің жергілікті департаментіне жүгінуге болады.
АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– 2024 жылдың оқыс оқиғалары 2023-тен қарағанда 2 жағдайға көп. Себебі, топтық оқыс оқиғалар көбірек. Бізде қоңырауға жауап беретін кезекші инспектор бар. Адамдарда сұрақ туындап жатса, хабарласа алады.
Жиын барысында кәсіпорындарға қауіпсіздіктің сақталуын қадағалайтын жасанды интеллекті енгізу қажеттігі туралы айтылды. Мәселен, интерактивті нейрожүйе, яғни робот жұмысшы бас киім киді ме, көзілдірік тақты ма, тросты бекітті ме және басқа да талаптардың орындалуын бақылап отырады.
Мәдина Қаби