Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жұмысы қорытындыланды. Аймақта көлеңкелі экономикаға қарсы күрес тоқтаған емес. “Заң және тәртіп” қағидасын ұстанатын мамандар биылғы 4 айдың өзінде ондаған қылмыстық істі қарапты.
АЗАМАТ НҰРБАЕВ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасы бастығының орынбасары:
– Ағымдағы жылы біздің өндірісімізде 47 қылмыстық іс болды. Соның 30-ы биыл тіркелді. 11 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, үкім шықты. Өтелген залал сомасына келсек, көрсеткіш 46 млн теңгеден асып түсті.
Қалтаны қампайтуды ойлайтын қулар түрлі іске барады. Статистикаға сүйенсек, департамент өкілдері көбінесе салық түсімдерін жасыру жайтын тергеп-тексерген. Пысықайлар жалған құжат жасатады. Осылайша қазынаға ақша аудармаудың қамын жасайды. Бір қызығы, бүгінгі қоғамда қаржы пирамидаларына сенетін жандар әлі бар. Олар әдеттегідей комақты соманы бөтен біреулерге ұстата салған.
АЗАМАТ НҰРБАЕВ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасы бастығының орынбасары:
– Ағымдағы жылы қаржы пирамидасын құру бойынша 3 қылмыстық іс тіркелді. Соның біреуі сотқа жіберілді. Облыста 800-ден астам адам салымшы болған. Шығын көлемі 140 млн теңгеден асады. Қазіргі таңда 78 млн теңгеге тыйым салынып тұр.
Тыйымды экономикалық тергеп-тексеру департамент салған. Жақын арада бұл сома иелеріне қайтарылады. Ал қалған ақшаны жұртты алдағандардан өндіріп алу қажет. Табыс оңай келмейді. Шенділер халықты жылы-жылы сөйлейтіндерге және түрлі жарнамаларға сенбеуге шақырады.
Байболат Құлтанов