Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына орай облыс орталығында дәстүрлі Мұқанов оқулары өтті. Сәбең – тарихи тұлға. Ол – жоғары бағаланған еңбектердің, өлеңдердің авторы. Қаламгердің туындылары жер-жерде оқылады.
Сәбит Мұқановтың “Мен кіммін деп мақтанамын” деген туындысын жазушы атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі Нұрхан Салауатов оқып берді. Жас талант Сәбеңді сомдады. Өлеңмен, түр-сипатымен тыңдарманды өзіне қаратты.
НҰРХАН САЛАУАТОВ, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды- драма театрының актері:
– Сәбит атамыз совет заманында өмір сүрген. Өлеңдерінде сол кездегі атмосфера бар. Өзіндік стильге ие болған.
Қара орман халық пен әдебиетсүйер қауым тұрғанда Сәбит Мұқановтың аты өшпейді, шығармашылығы өлмейді. Ол жайлы естеліктерде біраз айтылады. Мұқанов оқуларына жазушымен дидарласқан жандар да қатысты. Ардагер ұстаз Ғабит Қоңырбаев Сәбеңді ең алғаш 1960 жылы көріпті. Кейін араға 9 жыл салып жүздескен. Зейнеткер классиктің адамгершілік қасиетін жоғары бағалайды.
ҒАБИТ ҚОҢЫРБАЕВ, ардагер ұстаз:
– Кісіге жақын болды. Біздің жақтың біраз азаматтарына көмектесті. Ол кезде оқуға түсе алмайсың. Қаншама азаматымыз Сәбең арқылы оқыды, маман атанды. Олар әлі күнге дейін Сәбеңнің жақсылығын айтады.
Сәбиттей асқар тауды жастар қауымы қаншалықты біледі? 80 жасқа таяған Ғабит Қоңырбаевты осы сұрақ жиі мазалайды екен. Жерлесіміз өскелең ұрпақтың әдебиетке құмартпағанына қапалы.
ҒАБИТ ҚОҢЫРБАЕВ, ардагер ұстаз:
– Жастар Сәбеңді толық білмейді. Кітап оқылмайды. Абайды тану керек. Ол үшін Сәбеңді, Мұхтарды тану қажет.
Дегенмен, көпке топырақ шаша алмаймыз. Жас буынның арасында Сәбит Мұқановпен мақтанатын балалар да бар. Солардың бірі бүгінгі шарада ақынның өлеңін оқыды. Жиын барысында арнау да айтылды.
Байболат Құлтанов