М.Қозыбаев университетінде «Janyndamyn» атты әлеуметтік жоба бастау алды. Бастаманы қолға алу туралы идея 2022 жылы қылаң етсе, араға 2 жыл салып жүзеге асып отыр. Мақсат – суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және қиын өмірлік жағдайға тап болған студенттерге қол ұшын созу.
КӘМИЛА ЖАЛМҰҚАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ психологиялық қызметінің маманы:
– «Janyndamyn» жобасының басты мақсаты – университетте психологиялық, әлеуметтік қауіпсіздік орнату. Студенттер осы жобаға қатысқаннан кейін қолдарына сертификат беріледі. Содан кейін біздің студенттер өз достары арасында суицидке жақын жағдайын көрсе, сол студенттерді бақылап, эмоционалды көмек көрсетеді.
Аталған жобаға қатысты Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова өз қолдауын білдірді. Оның айтуынша, жастар кризистік жағдайлармен күреске белсенді атсалысуы қажет.
ЖҰЛДЫЗАЙ ЫСҚАҚОВА, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:
– Бұл жоба біздің тарапымыздан зор қызығушылық тудырып отыр. Өз жағымыздан қолдау көрсетеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Қазақстан суицид бойынша 17-ші орында тұр. Өткен жылы студенттер арасында бірнеше өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелді. Бұл мәселе бізді алаңдатып отыр. Сол себепті, қазір психологиялық қолдау жүйесін дамыту және тұрғындардың менталды денсаулығын нығайту бойынша кешенді бағдарлама әзірленіп жатыр.
Жоба аясында 40 волонтер-студент тиісті оқытудан өткен.
Данаш Хамза