28 сәуір — “Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні”. Атаулы датаға орай Петропавлдағы кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясында игі іс-шара өтті. Ұйым өкілдері аумақты жинап, демалыс орнына 10 сібір шыршасын отырғызды.
ЕРІК НҰРАҚАЕВ, «СҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
– Игі шара жылына екі рет өткізіледі. Ардагерлер аллеясына 6 жылдың ішінде 110 ағаш ектік. Биыл олардың санын 120-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Осыдан 6 жыл бұрын егілген ағаштардың биіктігі қазір адам бойынан асады. Саябаққа ерекше сән беріп тұр. Демалыс орнына келген адамдардың таза ауамен тыныстауына зор септігін тигізеді. Игі шараға денсаулық сақтау, білім мекемелерінің қызметкерлері қатысып жатыр. Олар қаламызды таза ұстау, айналасын жасыл желекке толтыру парызымыз деп санайды.
ЖАНДОС БАЗАРБАЕВ, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің бас маманы:
– Тазалық шараларына үнемі қатысамын. Саябағымызда соңғы 6 жылдың ішінде көз қуантарлық өзгерістер орын алған. Айналасы тап-таза. Қандай тамаша?
Ұйымдастырушылардан неге басқа емес, осы сібір шыршасын еккендерін сұрадық. Бұл ағаш біріншіден, ауаны тазалайды екен. Екіншіден, жапырақтары мүлдем түспейді. Яғни, қысы-жазы бір қалыпты тұрады. Саябаққа көрік береді.
Нұрасыл Ахмет