Құқық қорғау органдары

Әлімжеттік жасаған есілдік және жамбылдық балалардың ата-анасы айыппұл төлейді

Қазір Қазақстанда «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Сәуірдің 10-ы күні бастау алған шара мамырдың 6-шы жұлдызына дейін жалғасады. Осы орайда теріскейлік тәртіп сақшыларының айтары бар. Мамандар тіркелген жайттарды арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында тілшілер қауымына баян етті.

НАРЛАН ЖҰМАБАЕВ, СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Бүгінгі күнге дейін полицияға кәмелетке толмаған 236 ұл-қыз жеткізілді. 11 бала арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды. Біз 352 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кестік. Жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруі жиі кездеседі. Бұған жол берген 204 заңды өкіл жауапқа тартылды. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін 76 ата-ана жауапқа тартылды.

“Бес саусақ бірдей емес” дегендей, кәмелетке толмағандардың арасында ішімдікке әуестері де бар. Олардың кейбірі қоғамдық орындарда мас күйде жүрген. Осы үшін 26 заңды өкіл заң аясында жазаланыпты. Әлімжеттікке де жол жоқ. Алайда, бұған кейбір жеткіншектер мән бермейді. Қатарластарына немесе кіші жастағы балаларға күш көрсетеді.

НАРЛАН ЖҰМАБАЕВ, СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Өңірде буллингтің 3 фактісі тіркелді. Есіл және Жамбыл аудандарында балалар бір-біріне күш көрсеткен. Әр жайт тексерілді. Шешімді сот шығарады. Заңға сүйенсек, тәртіпсіз балалардың ата-аналарына айыппұл салынады. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар көңіл көтеру орындарынан да табылып жатады.

Бұл ата-ана тарапынан бақылаудың аздығын немесе мүлде жоқтығын білдіреді. Нарлан Жұмабаевтың сөзінше, жауапсыз тұлғалар тәрбиеге бүгіннен көңіл бөлмесе, болашақта сан соғып қалулары мүмкін. Себебі, көшедегі бала бұзақылыққа, теріс жолға тез бейімделеді.

 

Байболат Құлтанов