Облыста кәмелет жасқа толмағандар арасында 4 айдың ішінде 4 қылмыс анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі статистикамен салыстырғанда небәрі бір-ақ жағдайға аз. Қадағалау орган мамандары жасөспірімдердің қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін жеткіншектердің құқықтық сауаттылығын арттыру керек деген пікірде. Осы орайда прокурорлар қалалық 23-ші орта мектебінің оқушыларымен кездесті.
ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:
– Жасөспірімдер қылмысқа бармас үшін, біріншіден ата-ана үйде балаларымен сөйлесіп, дұрыс тәрбие берулері қажет. Жастардың көбі телефонда отырады. Онда қаншама көруге болмайтын дүние бар.
Облыста 3 жасөспірім есірткіге тәуелділер есебінде тұр. Ең кішісі 14 жаста.
Жастар жағы мамандардың айтқанын ұйып тыңдады.
Прокурорлардың пікірінше мұндай шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер заңның ала жібін аттамау қажеттігін ұғынады.
АНГЕЛИНА ИВАНОВА, №23 орта мектебінің оқушысы:
– Бүгінгі шарадан мол ақпар алдым. Біздің мектептегі тәртіпті мұғалімдер жүзбе-жүз ғана емес, түкпір-түкпірде орнатылған бейнекамералар арқылы да бақылайды. Негізі, таныстарымның арасында немесе мектепте бала бұзақылық жасады дегенді естімеппін.
Профилактикалық шара жалғасын табады. Прокурорлар түсіндіру жұмысын өзге мектептерде де өткізбек ниетте.
Мәдина Қаби