Жас биологтардың басы Петропавлда тоғысты. Бүгін оқушылар сарайында “Жас биолог-зерттеуші” атты облыстық ғылыми-зерттеу жобалар байқауы ұйымдастырылды. Оған аймақтың түкпір-түкпірінен 40-қа жуық оқушы қатысып, тың туындыларын таныстырды. Бәріне ортақ қағида – дайындалған дүние міндетті түрде табиғатқа байланысты болуы қажет. Айыртаулық ізденімпаз жас Мейірбек Тәттібаев қарапайым қайың ағашының қабығынан шәй дайындап әкелген. Оның денсаулыққа пайдасы зор дейді.
МЕЙІРБЕК ТӘТТІБАЕВ, №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясының оқушысы, Айыртау ауданы:
– Байқауға 2 айдай дайындалдым. Мен жобамда қайың шайын қолдану туралы айтамын. Қайың шайын істеу үшін қайың қабықтары және оны отта жағу қажет болды. Сол себепті, бұның барлығын өзімнің мұғаліміммен бірге жасадым.
Ұл-қыздардың жұмысын университет пен колледждердің білікті биолог мамандары бағалады. 5-ші және 7-ші сыныптың оқушылары бөлек сыналса, 8-ші және 11-ші сынып оқушыларының жұмысы бөлек қаралды.
ЛАРИСА ВОРОБЬЁВА, Оқушылар сарайының бөлім меңгерушісі:
– Байқау жылда ұйымдастырылады. Жылдан-жылға қатысушылар саны артуда. Ең бастысы, оқушылардың ойлау қабілеттері дамиды, мәселен, биылғы жобалары өткен жылғылардан өте ерекше.
Кейін қазылар алқасы үздік деп танылған қатысушылардың жұмысын одан әрі дамыту үшін не істеу қажеттігін айтып, ақыл-кеңестерін берді.
Мәдина Қаби