Қоғам

Мемлекет басшысының қолынан марапат алған экскаватор жүргізушісі

Бұл – “Жас Өркен” шағын ауданында салынып жатқан 280 орындық балабақша. Мердігер – “Основание” серіктестігі. Нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Әзірге, бәрі ойдағыдай жүріп жатыр. Жұмыстың уақытылы жылжуына бірнеше фактор әсер етеді. Соның бірі – кадр саны мен олардың біліктілігі. Владимир Царик – өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен маман. Тәжірибелі жүргізуші құрылыс барысында маңызды рөл атқаратын техника – экскаваторды тізгіндеген екен.

ВЛАДИМИР ЦАРИК, “Основание” ЖШС экскаватор жүргізушісі:

– Жұмысым өзіме ұнайды. Серіктестікте еңбек етіп жатқаныма 20 жылдан асты. Осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Атқарып жатқан жұмыстың бәрі ел игілігі үшін екені есіме түссе қалжырағаным бірден басылады.

Владимир Александровичті ел қамын ойлайтын азамат деп айтуға толық негіз бар. Ол жыл сайын су тасқыны кезеңінде өңіріміздің әр ауданына барып, бөгеттерді нығайту жұмысымен айналысады. Тіпті, Ақмола облысында да болыпты. Азаматтың еңбегі еш қалмаған. Ол өткен жылы Мемлекет басшысының қолынан марапат алыпты.

ВЛАДИМИР ЦАРИК, “Основание” ЖШС экскаватор жүргізушісі:

– Мемлекет басшысы маған ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденін табыс етті. Сол сәттегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен үшін ең бастысы – халықтың алғысын алу. Зейнетке дейін осы салада еңбек еткім келеді. Себебі, мұнда бар жағдай жасалған. Жалақым да көңілімнен шығады.

Серіктестік директоры Сергей Тимофеев Владимирдің жұмысын жоғары бағалайды. Жұмысына адал, ұқыпты жан деп біледі.

СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, “Основание” ЖШС директоры:

– Владимир жыл сайын тасқынның алдын алу шараларына қатысады. Өте білікті маман. Жастарға да үлгі. Өз жұмысын 100 пайызға білетін азамат деп айта аламын. Шаруадан қашқан кезін ешқашан көрмеппін.

Сергей Тимофеев бізбен тілдесу барысында серіктестікте кадр тапшылығы бар екенін жасырмады. Бірақ, аталған компания бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында 1 жылдың ішінде 3 колледжбен меморандумға отырыпты.

 

Нұрасыл Ахмет