Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы

Елорда төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті. Алқалы жиынға Мемлекет басшысы қатысты. Президент жиналған қауымды саяси институттың 30 жылдығымен құттықтап, бұл бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға екенін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты. Сессия соңында Мемлекет басшысы дүйім жұртқа жүгініп, алдағы мереке туралы пікір білдірді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай биыл Қазақстанда елеулі жайт орын алмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам. Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз.

 

Байболат Құлтанов