Қоғам

Кәдімгі ас қасық жауынгердің қорғанына айналған

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Біз облыстық полиция департаменті жанындағы музейде тұрмыз. Мұражайда 5 мыңнан астам экспонат бар. Олардың көбі -ҰОС-нан қалған жәдігерлер.

Соғыс жылдарынан қалған сырға толы жәдігерлер. Арада қанша уақыт өтсе де олардың құндылығы жоғалмақ емес. Батырларымыздың майдан кезінде киген киімдері, қолданған заттары мен үйіне жіберген хаттары мен оқ тесіп өткен бас киім. Музейде осылардың барлығы бар. Мәселен, мына бір қасыққа зер залсақ. Кейбіреуі “Бұл да құнды зат па?” деп ойлауы мүмкін. Бірақ, майдан жылдарындағы жауынгерлердің ас ішкен қасықтары мықты болғаны соншалықты, оқ өтпейтіндей қылып жасалған.

Облысымызда 800-ге жуық адам соғыстан аман оралып, полицияда қызмет еткен. Музейде тіпті, сол жандардың қылмыскерлерден тәркілеп алған шанышқы, револьвер, қанжар мен тапаншалар тұр. Экскурсия барысында құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап жүрген Любовь Осинская бізге мұражай жайлы мол ақпар берді.

ЛЮБОВЬ ОСИНСКАЯ, СҚО ПД музейінің меңгерушісі:

– Полиция департаментінің музейі 1989 жылы құрылған болатын. Содан бері тәртіп сақшыларына қатысты мәліметтерді зерделеп, құнды дүниелерді жинақтап келеміз. Нысан қолданысқа берілген жылдары 600-дей ғана құжат пен фотосурет болған. Жәдігерлерді жергілікті архивтен және ардагерлердің ұрпақтарынан алдық.

ҰОС-дағы жеңіс ешқашан ұмытылмауы тиіс. Облыста көзі тірі 3 майдангер ғана қалды. Олардың ұрпақтары бала кездерінен әкесі мен бауырларынан естігендерін жастарға жеткізіп жүр. Соның бірі – Анатолий Плешаков. Ол бүгін колледж студенттері мен мектеп оқушыларына арнап өткізілген шарада асқар тауы жайлы айтып берді.

Анатолий Плешаковтің әкесі Чехословакияда, кейін Қиыр Шығыста жаумен күрескен. Атқыштар взводының командирі болған. Елге оралған соң, қылмыстық іздестіру қызметінде еңбек етіпті. 2018 жылы өмірден озған екен.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, ҰОС ардагері А.Плешаковтің ұлы, профессор:

– Әкем соғыс жайлы айта қоймайтын. Ол сәтті мүлдем есіне алғысы келмейтін. Себебі, достарының мерт болғанын өз көзімен көрген. Әкем майданнан кейін 20 жыл бойы полицияда еңбек етті. Полковник шеніне дейін жеткен.

Мына ұл-қыздар шара барысында сөз сөйлеген спикерлерді ұйып тыңдады. Отырыстан соң олар облыстық полиция департаментінің тарихымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Жақсы әсер алып, баға жетпес байлықтарды қолдарымен ұстап көрді.

АРТУР КАБИРОВ, СҚУ колледжінің студенті:

– Мені әсіресе майдангерлердің киген киімдері қызықтырды. Қолыммен ұстап көргенде ерекше сезімде болдым. Біздің бейбіт заманда өмір сұрып жатқанымыз – батырларымыздың арқасы. Оларды ешқашан ұмытпай дәріптеуіміз қажет.

Ұлы Отан соғысына 100 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қатысқан. Елге оның тең жартысы аман оралған.

 

Нұрасыл Ахмет