Ұлттық кітап күніне орай Иван Шухов атындағы қалалық кітапханада “Оқырман күні” шарасы өтті. Кітапхана фойесінде “Рухани байлық бастауы” атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, кітапқа бетбелгі жасау бойынша шеберлік сабағы өткізілді. “Бүгінгі шараның мақсаты – қоғамда жоғары оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету”,- деп атап өтті ұйымдастырушылар.
ЛӘЗЗАТ ЕРҒОЖИНА, И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың №2 филиалының меңгерушісі:
– Мемлекет басшысы көптеген елде “Ұлттық кітап күні” бар, біздің елімізде де оқуға деген оқырман сүйіспеншілігін арттырсақ, жаппай оқитын ұлтқа айналатын боламыз” деп атап көрсеткен болатын. Осы кітапханалар мәдени мұраны сақтаушылар ретінде бұл мәселені жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.
Кітапханада тұрақты оқырман жеткіншіктердің бары көңіл қуантады. Солардың бірі – 9 жастағы Алтынай Айтмағанбет.
АЛТЫНАЙ АЙТМАҒАНБЕТ, кітапхана оқырманы:
– Мен осы кітапхананың тұрақты оқырманымын. Кішкентай кезімнен кітап оқығанды ұнатамын. Әсіресе, ертегілерді. Мысалы, “Күнекей қыз” ертегісі маған өте ұнайды. Осы кітапханадағы іс-шараларға қатысып тұрамын.
Шара соңы кітапхананың үздік оқырмандары анықталып, дипломмен марапатталды. Бүгінде И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың 11 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Ал кітап қорында 146 мыңға жуық туынды сақтаулы.
Севара Зияхан