Білім

Ұлттық кітап күні аясында “Абай мұрасы және әлемдік руханият” ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Жылдар өткен сайын халқымыз ойшылдың рухани дүниесіне терең бойлап, тың қырларын ашуда. Ұлы тұлға біздің өңірімізде де кеңінен дәріптеліп жатыр. Оған дәлел – бүгін Петерфельд ауылындағы “Қызылжар Абай орта мектебінде” облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосуға өлкеміздің түкпір-түкпірінен және Қостанай мен Ақмола облысынан келген педагогтер қатысты.

“Қызылжар Абай орта мектебі” шараға жоғары деңгейде дайындалған. Мектептің ауласына аяқ бассаң ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген әсем көріністі көресің. Асық атқан балалар, қос киіз үй мен оның ішіндегі бұйымдар басқосудың сәнін келтірді. Мына туындыларға қарасаң көз сүйсінеді. Барлығы асқан шеберлікпен жасалған. Мәселен, бескөлдік шебер Сәбит Жүкенов шараға арнап Абайдың бейнесі суреттелген түрлі бұйымдар әкеліпті.

СӘБИТ ЖҮКЕНОВ, ағаш шебері, Қызылжар ауданы:

– Бұйым таза қайыңнан жасалған. Екі күн уақытым кетті. Тасты жарып шығып тұрған Абайды бейнеледім. Себебі, ол ұлы тұлға ғой.

Абайдың 45 қара сөзі – тәрбие құралы, тұнып тұрған философия. Егер бала бесіктен белі шықпай жатып ұлы ойшылдың шығармаларын оқыса, ғылым мен білімге әуес ұл-қыздар көбейер еді. Өңірімізге арнайы келген тіл жанашыры Шерубай Құрманбайұлының сөзінше, Абайды оқыған бала мейірімді, еңбекқор әрі адамгершілігі мол болып өседі.

ШЕРУБАЙ ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті, Астана қаласы:

– Абай мұрасын өскелең ұрпаққа жеткізу аса маңызды. Себебі, ойшыл әркез білім мен ғылымды бәрінен жоғары қойған.

Ана тілімізді, әсіресе Абайды дәріптеуде облысымыз басқалардан ілгері тұр. Мұны Ақмола облысынан келген педагог Айнұр Мұқашева да растап отыр. Ұстаз бүгінгі шарадан алған тәжірибесін өзі жұмыс істеп жатқан мектепте қолданамын дейді.

АЙНҰР МҰҚАШЕВА, Көкшетау қалалық Абай атындағы ДБАОМ №3 мектеп-интернаты директорының орынбасары:

– Мектеп табалдырылған аттаған сәттен бастап ерекше әсер алдым. Мұндағы ұстаздар мен оқушылардың еңбегін жоғары бағалаймын.

Басқосу барысында өткеннен сыр шертер түрлі қойылымдар қойылды. Жалпы, білім ұясы 1969 жылы қолданысқа берілген. 2019-да күрделі жөндеу көріпті. Дәл сол жылы “Қызылжар Абай орта мектебі” атауы берілген екен. Оқу орнында 300-ге жуық бала тәлім алады.

 

Нұрасыл Ахмет