Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры емес, даудың басы – мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзгеріс. Қазір ваучерлік қаржыландыру деген жүйе бар. Оны барлығы естіп, ұғынып үлгерген жоқ. Баяндай кетейік, енді қазақстандық ата-аналар ұл-қыздарын балабақшаға орналастыру үшін арнайы сайт арқылы ваучер алу қажет. Сол бойынша балаларын өздері таңдаған мекемеге бере алады. Яғни, кезекке тұру деген түсінік жойылды, таңдау құқығы пайда болды. Мұндай шешім қызмет көрсетушілердің барлығына бірдей ұнаған жоқ. Әсіресе, жер-жердегі жеке кәсіпкерлер қапалы.
ОЛЬГА ЖАРКОВА, жеке балабақша меңгерушісі:
– Елімізде ваучерлік қаржыландыру жүйесі былтыр пайда болып, бірнеше қалада пилоттық жоба басталды. Содан бері бірталай өзгеріс орын алды. Әлі нақтылық орнамай тұр. Жоспар бойынша бұл жаңашылдық жақында Петропавлға жетеді. 1-ші мамыр күні жаңа жұмыс тәртібі орнайды. Осы орайда заңға сүйенейік. Жеке балабақша ұстайтын адамдар пилоттық жобаға қатыспау құқығына ие. Алайда, біздің өтінішіміз ескерілмей жатыр.
Бір жеңнен қол шығарған кәсіпкерлер өз дегендеріне жетпек ниетте. Олар тәуелсіз заңгерлерге де жүгінген, сонда мамандар жаңа жүйеден 20-дан астам жемқорлық тәуекелін анықтапты. Ал балабақша қызметкерлері мынадай қиындыққа ұшыраған.
КРИСТИНА ВАСИНА, балабақша тәрбиешісі:
– Бүгін біздің балабақшаға бір ана келіп, ваучерді қалай алуға болатынын сұрады. Бәріміз көмектесуге тырыстық. Тәртіп бойынша eGov.kz порталынан бірден хабарлама жолдану қажет. Алайда, оны ұзақ күттік. Сосын бірнеше күрделі кезеңнен өттік. Бұл жүйе ата-аналар үшін өте қиын және тиімсіз деп санаймын. Өзіміз үйреніскен жүйе ыңғайлы дегім келеді.
Мұндай мәселе жан-жақты қарауды қажет етеді. Ваучерлік қаржыландыру немесе “балаға берілетін ақша” жүйесінің тиімді тұстарын да зерттедік. Пилоттық жобаның арқасында балабақша кезегі айтарлықтай қысқарыпты, мектепке дейінгі білім беруге жұмсалған бюджет шығындары да азайған. Бұл туралы өткен жылдың соңында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Тараз қаласында мәлімдеді. Қорытындылай келсек, мемлекет “әділдік”, “үнемдеу” саясатына бағыт алды, ал мұндай шешім кәсіпкерлердің қалтасын жұқартатын сыңайлы.
Байболат Құлтанов