Қоғам

Мамлют ауданында ағаш отырғызылды

“Таза Қазақстан” акциясы аясында өткізілген кезекті шара. Мамлютка қаласының тұрғындары үшін өздері тұрып жатқан жердің әсем болуы аса маңызды. Оны мына еңбек етіп жатқан жандарға қарап көре аламыз. Аудан орталығындағы “Достық” саябағына жиналған азаматтар дәстүрге айналған шара – ағаш отырғызуға кірісіп кеткен. Олар “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп ұрандатып, 100 пирамидалық терек пен 50 тал отырғызды.

АЛТЫН САҒИТОВА, “Amanat” партиясы Мамлют аудандық филиалының төрайымы:

– “Amanat” партиясы бірде-бір тазалық шарасынан қалған емес. Ауданымызда 28-ші наурыздан бастап сенбіліктер мен бейсенбіліктер өткізіліп жатыр. Бүгінгі еккен ағаштарымыз өссе, қаламызға сән беретіні сөзсіз. Тұрғындар таза ауамен тыныстайды. Айналамыз жасыл желекке толы болса, халықтың да денсаулығына оң ықпалын тигізеді.

Көнекөз қариялар да жас буынға үлгі боларлық игі іске ат салысты. Оларға суық ауа райы мен сіркіреп тұрған жаңбыр еш кедергі емес. Барлығының жүздерінде – күлкі мен қуаныш. Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Омаров мұндай шараларға қатысу парызым деп санайды.

ТӨЛЕГЕН ОМАРОВ, Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бұл акцияны Президентіміздің өзі қолдап отыр. Ардагерлер бірде-бір тазалық шарасынан қалған емес.

Шара “Таза Қазақстан” акциясы аясында ғана емес, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр. Кейінгі ұрпақ бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге арнап осындай шараларды ұдайы ұйымдастырып, жас көшеттерді отырғызу міндет деп біледі.

АЙГЕРІМ ШӘКІРОВА, Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Ауа райының қолайсыздығы маған еш кедергі емес. Мен сенбіліктерге қатысып қана қоймай, өз үйімнің айналасын мұнтаздай қылып жинап отырамын. Шынымды айтсам, дүкеннен келе жатқанмын. Ағаш отырғызып жатқан бір топ адамды көріп, көмекке келдім.

Шара барысында саябақтан бөлек тағы екі көшеде ағаш отырғызылды. Айта кету керек, Мамлют ауданында маусым айына дейін “Таза Қазақстан” акциясы аясында түрлі шаралар өткізіледі.

 

Нұрасыл Ахмет