Қоғам

Ерлігі ерлермен тең нәзікжанды

Ерлермен иық теңестіріп, Отан алдында борышын өтеп жүрген нәзікжанды. Татьяна Долбышева полиция құрамындағы бөлініс -жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет етеді. Ер азаматтармен бірге шұғыл шақыртуларға шығып, бұзақыларды, қылмыскерлерді құрықтайды. Күні бойы жаттығуларға қатысып, денесін шынықтырады. Қайсар мінезді Татьянаның бүгінгі жұмыс күні тапанша атумен басталды.

Тапанша атуды жаны сүйетін қызметкер арнайы ұрыстық жабдықтау пунктіне келіп, өзін жаттықтырады.

ТАТЬЯНА ДОЛБЫШЕВА, СҚО ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы, полиция капитаны:

– Мен бала кезімнен спортқа өте жақын болдым. Негізінен, конькимен жүгірумен айналыстым. Бірнеше рет көпсайысқа қатыстым. Спорттың арқасында өзімнің армандаған жұмысыма да орналастым. Шен таққаныма 5 жылдай болды. Әрине, жұмыс оңай емес, оқыс жағдайлар да болуы мүмкін. Оның барлығына дайын болуымыз қажет. Жұмысым сонымен ерекшеленеді.

Дана халқымыз “Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді” деп бекер айтпаған. Қайсар қыз жақында Дубайда өткен халықаралық SWAT Challenge атты арнайы жасақ бөлімшелерінің жарысына да қатысты. Нәзікжандылардан құралған “Томирис” командасы дүбірлі додада 2-ші орынға ие болды.

Полиция капитаны Татьяна Долбышеваға бүгін жас буын алдында ерекше құрмет көрсетілді. Нәзікжандының батылдығы – өскелең ұрпаққа үлгі.

Татьяна әріптестерінің арасында сыйлы. Бөлімше бастығы Ксения Ищенко – әрі құрбысы, әрі әріптесі. Айтуынша, Татьяна жұмыс барысында қайсарлығымен танылса, өмірде ақкөңіл адам.

КСЕНИЯ ИЩЕНКО, қалалық ПБ ЖПҚБ бөлімше бастығы:

– Біз Татьянамен таныстығымызға 20 жылдан асты. Кезінде бірге коньки тебумен шұғылданған едік. Содан бері құрбы әрі әріптес ретінде жақсы араласып келеміз. Ол нағыз батыр нәзікжанды деп айта аламын. Жұмысына да, отбасына да көңіл бөліп үлгереді. Қызметіне өте адал. Оның үлгі тұтарлық қасиеттері көп.

Татьяна Долбышеваның 5 жасар ұлы бар. Шенді нәзікжанды ұлының да спорт жолына түсіп, елі мақтан тұтатындай азамат болып өскенін қалайды.

 

Мәдина Қаби