“Ұлылар тағылымы – ұрпаққа аманат”. Петропавлда еліміздің түкпір-түкпірінен келген қазақ тілі пәні мұғалімдерінің семинары өтті. Басқосуда Абайдың идеясын заманауи білім беру жүйесінде дамыту мәселесі талқыланды. Қазақты әлемге танытқан ұлы тұлғадан үлгі алуды жалғастырсақ, алға басарымыз және қазақ тілінің қолданыс аясы артары анық. Шараның басты мақсаты – педагогтердің біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу.
ҮМІТЖАН ШЫНТЕМІРОВА, СҚО тілдерді оқыту орталығының директоры:
– Өңірімізде ана тілді дамытуға арналған ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Биыл “Сөйлеу этикеті” клубын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба тұрғындардың сөздік қорын байытып, тілдік кедергілерді жеңуге септеседі.
Жиында сөз сөйлеген спикерлер оқушыларды 1-сыныптан бастап Абай шығармалары арқылы адами құндылықтарға тәрбиелеу керектігін мәлімдеді. Бала бесіктен белі шықпай жатып ойшылдың шығармаларына зер салса, білім мен ғылымға әуес болатыны айтылды. Басқосуға халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы арнайы келген. Тіл жанашыры ұстаздарға өзі жазған “Абай тілінің ерекшеліктері” атты кітабы жайлы қысқаша баяндап берді. Бұл туындыға қазақтың ескі жазба тіліне тән фонетикалық ескіліктер енген.
ШЕРУБАЙ ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті, Астана қаласы:
– Абай ешқашан білім мен ғылымды дәріптеуден жалыққан емес. Ол 19-шы ғасырдың өзінде зор жетістіктерге жетімін десең, ізденуден, оқудан жалықпау керектігін айтқан.
Қазақ тілінің қолданысын кеңейту – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды көпшілікке дәріптеу мақсатында шараға Ресейдің Омбы қаласынан мейман келген. Ол еліміздегі ұстаздардың әдістемесін үйреніп, өзі жұмыс істеп жатқан мектепте қолданғысы келеді.
ҚАРЛЫҒАШ ҚАРАМАНОВА, Омбы қалалық №104 және №30 мектептерінің қазақ тілі пәні мұғалімі, РФ:
– Шынымды айтсам, оқушыларымның барлығы дерлік қазақ тілік жетік білмейді. Бірақ, араларында ана тілімізді үйренемін дейтін намысшыл ұл-қыздар жетерлік.
Семинарға 60-тан астам ұстаз қатысты. Олар білікті мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Нұрасыл Ахмет