БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Қазақ “Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады” деп бекер айтпайды. Қуантарлығы, біздің арамызда мыңды жығатын жастардың саны артып келеді. Қазір сондай жастың бірімен кездесеміз. Ол жақында ата-анасының, туыстарының, ұстаздары мен достарының төбесін көкке жеткізді, алтын ұя саналатын мектебінің мәртебесін арттырды. Көпке созбайық, талапкермен жақынырақ танысу үшін ішке кірейік.
Жасмин Шорман – Әлихан Бөкейхан атындағы № 25 орта мектептің мақтанышы. Ол сәуірдің ортасында Қызылорда қаласында Қазақстан тарихы пәнінен өткен республикалық олимпиадада топ жарды. Сыр жағасындағы білгірлер сайысына қатысушылар алғашқы кезеңде өздерінің шығармашылық қабілеттерін сынапты.
ЖАСМИН ШОРМАН, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің оқушысы:
– Эссе жазу кезеңінде 5 парақ берілді. Қосымша парақтарды алуға болады. Алайда, мен 12 беттік эссе жаздым.
Эссесімен ерекшеленген алғыр қыз тест сұрақтарына жауап беру кезеңінде де көш басынан көрінді. Ол тапсырманы оңай орындаған.
ЖАСМИН ШОРМАН, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің оқушысы:
– Тест сұрақтарына жауап беру кезеңінде 50 сұрақ болды. Мен 47 сұраққа дұрыс жауап бердім.
Қазақстан тарихынан өткен республикалық олимпиада мұнымен аяқталмаған. Кейбір жауаптардың бұрыстығына күмәнмен қараған қатысушылар ең соңында аппеляциялық өтініш беру мүмкіндігін иеленіпті. Мұнда Жасмин 2 ұпайдың есепке алынбағанын дәлелдеген. Яғни, теріскейлік талапкер айқын жеңіспен оралды. Болашағынан зор үміт күттіретін жасқа еліміздің бірнеше университетінен шақырту түсіпті.
ЖАСМИН ШОРМАН, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің оқушысы:
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан шақырту түсті. Тағы Астана мен Алматыдан грант берілді. Өзім Алматыда білім алғым келеді.
Білімді, жайдарлы қыз болашақта білім саласында еңбек еткісі келеді. Оны олимпиадаға Нұрсұлтан Сағатов дайындапты. Ұстаз шәкіртінің оза шапқанына қуанышты.
НҰРСҰЛТАН САҒАТОВ, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:
– Томиристі 9-шы сыныптан бастап дайындап келемін. Өте білімді, алғыр қыз. Қызу дайындалдық, эссеге, тест :ұрақтарына басымдық бердік.
Ұстаз дайындықты жалғастырмақ. Әлихан Бөкейхан атындағы № 25 орта мектепте тарихқа қызығатын балалар өте көп екен.
Байболат Құлтанов