Ерлі-зайыпты Сергей мен Анастасия Субботиндер “Радуга” серіктестігінде 8 жыл бойы бірге жұмыс істейді. Екеуі де кәсіпорынның металл-пластик өндіру зауытында еңбек етеді. Толығырақ айтсақ, қоқыс пакеттерін шығарумен айналысады. Ең алдымен Сергей Викторовичпен тілдесіп көрдік. Ол жұмысының оңай емес екенін, қателік жіберсе аяқ қолына зақым келуі мүмкін екендігін айтты.
СЕРГЕЙ СУББОТИН, “Радуга” ЖШС қызметкері:
– Мен қоқыс қапшықтарын жасайтын станоктарды жөндеумен айналысамын. Кез келген уақытта құрылғы сынып қалуы мүмкін. Оны тез арада қалыпқа келтіру маңызды. Себебі, шаруа тоқтап қалса зор шығынға батуымыз мүмкін. Жұмысым өзіме ұнайды. Зейнетке дейін осы зауытта еңбек еткім келеді.
Ал Анастасия Субботина болса зауытта пластмасса желімдеушісі болып қызмет атқарады. Яғни, қоқыс қапшықтарының тиісті талапқа сай нарыққа шығуына осы азаматша жауап береді.
АНАСТАСИЯ СУББОТИН, “Радуга” ЖШС пластмасса желімдеушісі:
– Жұмысқа үйренісіп кету оңай болған жоқ. Маған күйеуім зор қолдау көрсетті. Қазір сол кездерді күліп еске аламыз. Сергей екеуміз екі цехта жұмыс істейміз. Бір-бірімізді көрмейміз деп те айта аламын. Шынымды айтсам, көбі “Бір-біріңнен жалықпайсындар ма?” сұрайды. Ешқашан мұндай күй кешпеппіз.
“Радуга” серіктестігінің металл-пластик өндіру зауытында 20-дан астам адам жұмыс істейді. Әрқайсысы ерлі-зайыпты Субботиндерді үлгі тұтады. Олардың сөзінше, екеуі де жұмысына адал, жауапты жандар.
СТЕПАН НОВОКРЕЩЕНОВ, “Радуга” ЖШС металл-пластик өндіру зауытының директоры:
– Екеуі де ұқыпты қызметкер. Белгілі бір разрядтары бар. Жалақылары да жоғары. Әріптестерінің арасында да сыйлы. Біз қызметіне адал жандардан ақша аямаймыз. Бар жағдайын жасаймыз.
Ерлі-зайыптылар биыл 37-ге толыпты. Екеуі де зейнетке дейін аталған серіктестікте еңбек еткісі келеді. Айта кету керек, Сергей мен Анастасия Субботиндердің 2 баласы бар.
Нұрасыл Ахмет