Бәріміз білеміз, Заречный кентіне апаратын жолды су басқан соң, мұнда көлік қозғалысы шектелді. Осы ретте “Аудан тұрғындары үйлеріне қалай барады?” деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе өз шешімін тапқан. ТЖД жол талғамайтын көлігі таң атқаннан кеш батқанша дейін орталық пен Заречныйдың арасында қатынайды.
Өткен жылы Заречный кентінің жартысынан астамы судың астында қалды. Қаншама тұрғын зардап шекті. Солардың бірі – Борис Баймышев. Азамат былтырғы апаттың қайталанғанын қаламайды.
БОРИС БАЙМЫШЕВ, Заречный кентінің тұрғыны:
– Былтыр үйдің шатырына дейін су басты. Ол кезеңді мүлдем есіме алғым келмейді. Бағалаушылар келіп, баспанамды тұруға жарамды деп танығанда қуанышымда шек болмады. Жарты жыл бойы тұрғынжайдың іші мен сыртын қалпына келтірдік. Жергілікті әкімдік өкілдері зор қолдау көрсетті. Үйім биыл да тасқынның астында қалғанын қаламаймын. Себебі, бала-шағаммен баратын жерім жоқ.
Қазіргі таңда Заречный кентінде бөгетті нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Маңызды жұмыспен қарағандылық және алматылық жігіттер айналысуда. Мәселен, Алатаудың баурайындағы 28237 әскери бөлімінің сарбаздары мен қызметкерлерінің облысымызда тер төгіп жатқанына 1 айдан асқан.
ДОСЖАН ТӘЛІП, ҚР ТЖМ Б.Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің рота командирі, Алматы облысы:
– Қазіргі уақытта қаптарды құммен толтырып, бөгетті нығайтып жатырмыз. Тасқын қаупі сейілгенше дейін СҚО-да боламыз. Заречныйдан басқа, Қызылжар ауданындағы Бескөл, Прибережное және Тепличное ауылдарында еңбек еттік.
Тасқынның үшінші толқыны шарықтау шегіне жетті. Кеше Сергеев қоймасының ернеуінен асқан судың деңгейі 262 см-ді құрады. Қуантарлығы, бір күннің ішінде көрсеткіш 9 см-ге төмендеген. Бірақ, әлі арқаны кеңге салуға болмайды. Болжам бойынша тілсіз жау 10 күннің ішінде облыс орталығына жетеді. Яғни, шаһардың маңында орналасқан елді мекендерді су басу қаупі бар.
ЕВГЕНИЙ ЖУРАВЛЕВ, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
– СҚО-да биыл былтырғыдай апат болмайды. Тұрғындар “Үшінші толқын келеді” деп дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ. Бірақ, кейбір елді мекендерді тасқын басу қаупі сейілмеді. Тұрғын үйлерді тікелей су басу қаупі төнген кезде бірден “112” нөміріне хабарласу керек. Жеке басты куәландыратын құжаттар, киім-кешек пен азық-түлік қорын жинаған жөн.
Айта кету керек, қазіргі таңда Заречный кентінде 250 баспана бар. Ауданда 600-ден астам адам тұрады.
Нұрасыл Ахмет