Қоғам

ҰОС ардагерін байқамай қағып өткен қыз ауруханаға барып, кешірім сұрады

Петропавлда 100-ге таяп қалған Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Макиенко саябақта серуендеп жүріп жарақат алды. Кейін белгілі болғандай құстарға жем шашып жүрген қарияны жүгіріп келе жатқан қыз бала байқамай қағып өткен. Салдарынан қарт жерге құлаған. Құлап жатқан адамды көрген көлік жүргізушілері бірден жедел жәрдем шақырады. Қарияның қанша уақыт жерде жатып қалғаны белгісіз. Василий Васильевич қалалық көпбейінді аурухананың жарақаттану бөліміне жатқызылды.

ДЕНИС ПЕТРОВ, қалалық көпбейінді аурухананың травматолог-ортопед дәрігері:

– Дәрігерлеріміз толық тексеріс өткізді. Ардагердің жамбас сүйегі сынған. Қалыпқа келуі үшін шамамен 1-1,5 ай уақыт керек.

Ардагердің осындай жағдайға душар болғанын естіген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов науқастың хал-жағдайын білу үшін қалалық көпбейінді аурухана барды. Тілдесу барысында ол Василий Макиенкоға өңіріміз үшін орны бөлек азамат екенін жеткізді.

Содан кейін ардагердің жағдайын білу үшін қағып кеткен қыз бен ата-анасы келген. Олар Василий Макиенкодан кешірім сұрады. Ардагер де алдына келіп тұрған жеткіншекті жылы қарсы алып, ешқандай реніші жоқ екенін жеткізді. Айта кету керек, Василий Васильевич – облыстағы көзі тірі үш Ұлы Отан соғысы ардагерінің бірі.

 

Нұрасыл Ахмет