Көлік вице-министрі Талғат Ластаев жастармен кездесуден кейін тұрғындармен жүздесті. Жиында көтерілген мәселелердің бірі –
әуе рейстерінің аздығы. Өңірде өткен жылы Шымкентке бағыт ашылды, енді азаматтар Түркістанға да ұшақ ұшқанын қалайды.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР көлік вице-министрі:
– Қазір осы өңірден әуе рейстері үш бағытта қатынайды. Түркістанға, әрине, адам көп барады. Бірақ, аталған қала Шымкенттен алыс емес. Аралары небәрі 150 шақырым. Шым қалаға ұшып жетіп, ары қарай көлікпен де баруға болады деп ойлаймын.
Кездесуде тасжол мен теміржол вокзалдарының жағдайы туралы сөз болды. Биыл ел көлемінде осындай 125 нысан жөндеу көреді. Оның үшеуі теріскей өңірінде орналасқан. Облыста ағымдағы жылы жол жөндеуге де баса мән беріліп жатыр.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР көлік вице-министрі:
– Қазір сіздердің облыстарыңызда республикалық маңызы бар жолдың қашықтығы 1900 шақырымнан асады. Оның 30-ына – орташа жөндеу, 57 км-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Кейін 132 км учаске ақылы болмақ. Жалпы, биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 400 км-ге жуық жол жөнделеді.
Бұдан кейін вице-министр тұрғындарды жеке қабылдады. Наурызжан Исмаиловты өңірден не батысқа, не шығысқа қатынайтын әуе рейсінің жоқтығы мазалайды. Жұмыс сапарымен Өскеменге жету үшін айналма бағыттар арқылы көп уақытын жоғалтады екен.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР көлік вице-министрі:
– Шығыс жаққа әуе рейсін ашу туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі, ол туралы әлі мәселе қозғалған жоқ. Бірақ, байқауымша, теріскейліктерге әуе рейстері аздық етіп тұр. Бұл туралы әлі талқылаймыз. Бір қуантарлығы, келесі жылы Петропавлдан Ақтау қаласына рейс ашуды жоспарлап отырмыз.
Бүгін көлік вице-министрімен жүздескен өңір тұрғындары мазалаған сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Мәдина Қаби