Қоғам

Ер есімі – ел есінде

Петропавлдағы зираттардың бірінде кезекті мәрте тазалық шарасы өтті. Бұл жолғы бастама Ұлттық ұланның 6637 әскери бөліміне тиесілі. Басшылық, жауынгерлер және аталған бөлімге қарасты ардагерлер кеңесі майдангер және Ішкі істер органдары ардагерлерінің бейітін ретке келдірді. Олар: Василий Турашев пен Қағазбек Нұрпейісов. Екеуі де тарихта қалған тұлғалар.

ШУХРАТ АШИМОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Қағазбек Нұрпейісов бұрынғы Ішкі істер органдарының, қазіргі Ұлттық ұланның батыры болып саналады. Петропавлдың тумасы болып табылады. Сарбаз болған кезінде ерлік жасаған.

МАРИНА ДУШЕНКО, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Василий Сергеевич запастағы полковник болған. Бір жылдары Ұлттық ұланның 6637 әскери бөліміне басшылық еткен. Соғысқа қатысқан. Бірсыпыра марапаттың иегері. Құрметті еңбек демалысына шыққан соң да бөлімге келіп тұрды, жастарға ақылын айтып жүрді. 91 жасында өмірден өтті.

Әжептәуір қоқыс жиналған, құлпытасты шаң басқан, қоршаудың сыры кеткен. Зиратқа арнайы келген адамдар ерінбеді, асықпады. Олар жоспардағының барлығын жүзеге асырды. Нәтижесінде бейіт жаңарып қалды. Жауынгерлер алдыңғы толқынның ерлігін жақсы біледі.

ДОСАН СЕРІК, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің жауынгері:

– Әр жыл сайын еске аламыз. Бұл кісілердің арқасында бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Әрдайым тағзым етеміз.

Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімі осы сынды шараларды жалғастырмақ. Шенділер мұндай бастамаларды Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнайды.

 

Севара Зияхан