Табиғат жанашырлары Петропавлда бас қосты. Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жас өлкетанушылардың форумы өтті. Басты мақсат – ұл-қыздарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, қоршаған ортаны аялауға шақыру. Байқауға өңірдің 6 ауданынан келген 60-қа жуық жас қатысты.
ЛЮБОВЬ ФОМИЧ, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:
– Байқау жыл сайын ұйымдастырылады. Бір қуантарлығы, жылдан жылға сайысқа қатысушылардың саны артып келеді. Осы сияқты шаралар арқылы өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін шыңдаймыз. Экологиялық мәдениетке тәрбиелейміз.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда облыста экологиялық түйткілдер баршылық. Шаһардың өзі көктем келісімен күл-қоқысқа толады. Уақытылы жиналмаған қалдықтардың кесірінен жағымсыз иіс шығады. Мына жиналған ұл-қыздар өлкеміздің мұнтаздай болып, айналасын жасыл желекке толтыру мақсатында түрлі ұсыныстар айтты. Мәселен, М.Жұмабаев ауданынан келген Рахат Бесембай аядай ғана мектептің алдын қыруар қаржы құртпай-ақ жұрт таңқаларлықтай әсемдеуге болатынын көрсетті.
РАХАТ БЕСЕМБАЙ, Еңбекші қазақ орта мектебінің оқушысы, М.Жұмабаев ауданы:
– Мен мектептердің ауласы қазақи нақышта болғанын қалаймын. Өсім бағбаншылықпен айналысқанды ұнатамын. Сондықтан, жобама жылыжайды да қостым.
Әр оқушының туындыларына қарасаң көз сүйсінеді. Аққайың ауданынан келген Лаура Сеитованың байқауға әкелген жобасы ерекше. Оқушыларға бар жағдай жасалған. Ойың алаңдары, әткеншектер, тіпті, күн батқанда жан-жаққа әсемдік беретін түрлі түсті шамдар бар.
ЛАУРА СЕИТОВА, У.Ф.Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:
– Мектебімнің алдында алма, қарағай ағаштары өсіп тұрғанын қалаймын. Себебі, олар ерекше сән береді және де оқушылар таза ауамен тыныстайды. Макетте байқап тұрсаңыздар, құстарға арналған үйшіктер көп. Білім ұясына көрік беретін гүлдер де кіріктірілген.
Байқауға ұл-қыздар табиғатты қорғауға арналған бейнероликтер де дайындап әкелген. Айта кету керек, байқау жеңімпаздары маусым айында өтетін республикалық додада өңір намысын қорғайтын болады.
Нұрасыл Ахмет