Бұл – Кошевой көшесі, 8 мекенжайында орналасқан қосарланған баспана. Үйдің айналасындағы көріністі қарасаң көз шошиды. Астан-кестені шыққан десек артық айтқандық емес. Тұрғынжай иесі Елена Яковлева редакцияға арнайы келіп, өз базынасын жеткізді. Толығырақ айтсақ, Жұмысшы кентіндегі автоөткелдің салынуына байланысты маңындағы баспаналар бұзылып жатыр. Қалалық әкімдік мына азаматшаға өтемақы төлеу керек болған. Бірақ, Елена Васильевнаның сөзінше, жауаптылар тиісті сомадан екі есе төмен қаржы ұсынып отыр екен.
ЕЛЕНА ЯКОВЛЕВА, үй иесі:
– 2023 жылы баспанам 11,5 млн теңгеге бағаланды. Ол кезде Алматы қаласынан мамандар келіп, бағалаған болатын. Өтемақыны бірден алғымыз келген. Үйдің құжаттары дұрыс болмай, оны ретке келтіру үшін 1 жылдай жүріп қалдық. Неге екенін білмеймін, бірақ 2024 жылы тағы да бағалаушылар келіп, үйімді 6 млн теңгеге ғана бағалады. Бұл ақшаға біз 1 бөлмелі пәтер де ала алмаймыз ғой.
Елена Яковлеваның шағымданатын жөні бар. Себебі, нәзікжандының көршілеріне 11,5 млн-нан өтемақы берілген. Ал олардың үйлері аумағы мен сапасы жағынан Елена Васильевнаныкінен еш айырмашылығы жоқ.
– На днях я была в городском акимате, и мне сказали: либо мы соглашаемся и 6 млн тенге берём, либо они будут на нас в суд подавать за то, что мы не согласны с этой оценкой.
Қазіргі таңда үйдің айналасында сүру жұмыстары жүріп жатыр. Күні бойы техникалар баспана иелеріне тыныштық бермейді екен. Олар ерсілі-қарсылы өткенде үй қозғалады. Өзі апатты деп танылған баспаның қабырғалары жарылуда.
ИГОРЬ ЗАХАРОВ, үй иесінің ұлы:
– Бәрінен бұрын жақында ғана инсульт алған әжем үшін алаңдаймын. Жағымсыз иіс пен у-шудың кесірінен “Денсаулығы одан сайын нашарлап кете ме?” деп қорқамын. Әділдік орнауы тиіс. Біз тиісті өтемақы алмайынша баспадан көшпейміз.
Аталған мәселе бойынша қалалық ТҮКШ бөліміне хабарласқан болатынбыз. Мардымды жауап болған жоқ. Бірақ, нәзікжанды облыстық әкімдікке жүгінген кезде ондағы мамандар мәселенің анық-қанығын анықтаймыз деп уәде еткен.
Нұрасыл Ахмет