“Таза Қазақстан” акциясы өз жалғасын табуда. Бүгін жергілікті университет студенттері Ғ.Мүсірепов ескерткішінің маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. “Бұл игі бастама – рухани мұраға деген ықыластың айқын көрінісі, деп атап өтті ұйымдастырушылар.
ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық бастамаларды дамыту және ақпарат орталығының маманы:
– Өңіріміз – қарлы өлкенің бірі. Қыстан кейінгі қоқыс жинауды жөн көрдік. Мақсатымыз біреу ғана, жастарды біліктілікке, табиғатқа жақындыққа және осындай керемет жерлердің қадірін білуге шақыру.
Шара барысында саябақ сыпырылып, құраған шөп, жапырақ жиналды. Шараға 30-ға жуық студент атсалысты. Жастар ауа райының суығын елемей, қолына қолғап киіп жұмысқа білек сыбана кірісті.
АСЫЛЗАТ АРҒЫНБАЙ, М.Қозыбаев университетінің студенті:
– Бүгінгі тазалық іс-шарасына атсалысып жатқанымызға қуаныштымыз. Біз осындай шаралардың арқасында қаламызды көркейтуге үлес қосамыз. Ғ.Мүсірепов ескерткішінің айналасын тазарту – біз үшін құрмет.
Қаланы көркейту жұмыстары одан әрі жалғасады. Оған жерлестеріміз белсене қатыспақ.
Севара Зияхан