Өңірімізге қарағандылық С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы келді. Іссапардың мақсаты – жергілікті қара шаңырақ актерлерімен тәжірибе алмасу.
ҚҰРМАН ҚАЛЫМОВ, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының директоры:
– Бұл – біріншіден, көрерменнің ықыласына бөлену болса, екіншіден – шығармашылық тәжірибе алмасу. Біз не үйрендік? Қандай шығармашылық жетістіктер болып жатыр? Сондай сұрақтарға жауап беру үшін келіп отырған жәйіміз бар.
Биылғы есептік гастрольде қонақ болып келген театр ұжымы көрермен назарына М.Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясын, М.Мақатаевтің “Қош, махаббат” драмасын және Айдын Салбанның “Мұзды өлке” ертегісін ұсынбақшы.
Ахай Жұмамұратов, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері:
– Бұл спектакльдің басты ерекшелігі – көрермен М.Мақатаевтың поэзиясын ғана біліп келген болса, осы жолы пьесасымен таныс болады. Бұл – М.Мақатаевтың жазған лирикалық драмасы. Сәкен театрының дәл осы қойылымы – көпшіліктің сұрауымен қойылып жүрген қойылымдарының бірі.