Қоғам

«SERPIN WAY» автобусы өңірге оралды

Сәуірдің алғашқы жұлдызында Петропавлдан еліміздің оңтүстік өңірлеріне «SERPIN WAY» автобусы аттанды. Қозыбаев университетінің оқытушылары мен студенттері мінген темір тұлпарды дүйім жұрт думандатып шығарып салды. Жерлестеріміз күнгейге жауапты міндетпен барды. Олар халық тығыз орналасқан қалаларды, аудандарды аралап, түлектерді теріскейде білім алуға шақырды.

ӘДІЛХАН ДҮЙСЕБЕК, “Серпін” республикалық кеңсесінің төрағасы, Астана қаласы:

– Манаш Қозыбаев университетінің бастамасын елеулі деп бағалай аламыз. Пилоттық жоба аясында автобус 3 өңірде болды. Жастармен тікелей ақпараттандыру жұмысын жүргізді.

Петропавлдан аттанған команда 28 адамнан тұрған. Олар 18 күнге бекітілген жоспарды толық орындапты. Осы уақыт ішінде мындаған шақырым артта қалды, ондаған кездесу өтті.

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ, Қозыбаев университеті ректор кеңсесінің жетекшісі:

– 6 мың шақырымға жуық жол жүрдік. Барлық кездесулер жоспарға сай өтті. Бірде-бір шара кейінге шегерілген жоқ.

Команда 8 мың адаммен кездескен. Жай ғана кездесу емес, белсенді әрі талантты студенттер қарсы алушы тарапқа концерт ұсынған. Креативті қадам өз жемісін берген сияқты.

РУСТАМ КӘРІМОВ, Қозыбаев университетінің студенті:

– Концерттің басында Петропавлға оқуға түсеміз деген 2-3 адамнан ғана болды. Соңында тағы сұрадық, сонда жастардың шамамен жартысы келеміз деп жатты.

Бұл пилоттық жоба жалғасын табады. Енді «SERPIN WAY» автобусы Түркістан, Жетісу және Алматы сынды облыстарға бағыт алуы мүмкін. Брифинг барысында оқытушылар мен студенттер бұл сапарға дайын екендерін білдірді.

 

Байболат Құлтанов