Балалар

Ресейлік және беларустық балабақша қызметкерлері Петропавлда жиылды

Петропавлда мектепке дейінгі білім беру қызметкерлерінің V Халықаралық тәжірибелік конференциясы өтті. Алқалы жиын қатысушыларының бір бөлігі қаламыздағы “Нұр бөбек” балабақшасында болды. Жергілікті, ресейлік және беларустық мамандар бұл жерге бекер келген жоқ. Мекеме өкілдері осыдан бірер жыл бұрын тиімділігі дәлелденген заманауи тәсілді жұмыс бағдарламасына енгізіпті.

АЛМА ҚОЙШЫБАЙҚЫЗЫ, “Нұр бөбек” балабақшасының меңгерушісі:

– Біз қонақтарға “Сөйлейтін қабырғалар” атты тәсілді таныстырғымыз келеді. Оны Эстония елінен әкелдік. Біздің балабақша – “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығы облыстық филиалының базалық мекемесі. Яғни, сынақ алаңы десек те болады. Шетелдік технологияны бірден меңгердік, қазір соның жемісін көріп жатырмыз. Өте тиімді бастама дегім келеді. Қолға алған жұмысымызға ата-аналар да, балалар да риза.

Балабақшаның дәлізіндегі, бөлмелеріндегі қабырғалар бос тұрған жоқ. Оларға түрлі суреттер ілінген, танымдық ақпарат ұсынылған. Мұндағы баннерлерге де назар аудару қажет. Көзіміз бірден QR-кодқа түседі. Сол арқылы ата-аналар толық дерекпен таныса алады.

ГҮЛМИРА ЛАТЫПОВА, “Нұр бөбек” балабақшасының қазақ тілі мұғалімі:

– Әрбір бұрышқа қарайық. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, математикалық танымды арттыратын, шығармашылық танымды арттыратын бұрыштарымыз бар. Бұл әдіс өте ыңғайлы.

Балабақша қызметкерлері қолданыстағы тәсілді жан-жақта таныстырды. Сонымен қатар, өзге де әдістерді баяндады. Танысу барысында қонақтар таңданыстарын жасырмады.

ЮЛИЯ СЕРЕБРЯКОВА, балабақша меңгерушісі, Омбы қаласы, РФ:

– Бұл технологиямен алғаш рет таныстым. Өзім логопед маманмын. Бірақ мынандай әдіс-тәсілді білмеппін. Жұмыстарыңызға жоғары баға беремін. Еден, қабырға, тіпті төбе. Осының барлығы назарға алынған екен. Көңілімнен шықты, тәжірибені жақсылап меңгеріп, өзіміздің бағдарламамызға міндетті түрде енгізетін боламыз.

V Халықаралық тәжірибелік конференция соңында қатысушылар балғындардың өнерін тамашалады. Талантты ұл-қыздар ән салды, би биледі. Мұндай шара келесі жылы да ұйымдастырылады. Ол Беларусь елінде өтпек.

 

Байболат Құлтанов