Қоғам

Петропавлда іскер әйелдер бас қосты

Бүгін Петропавлда іскер әйелдер бас қосты. Жиында қыз-келіншектердің қоғамдағы белсенділігі туралы сөз қозғалды.
Осы ретте облыстық әйелдер күштері альянсының ұжымы ауқымды жұмыс атқаруда. Мәселен өткен жылы өңірде “Әйелдердің саяси көшбасшылығы” атты мектеп құрылған. Игі бастама аясында бір жылдың ішінде 60-қа жуық нәзікжанды білім алыпты. Аталған ұйым, тіпті, қыз-келіншектердің жұмысқа орналасуына септігін тигізген екен.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, СҚО әйелдер күштері альянсының төрайымы:

– Ұйымда әйелдерге арналған мектеп жұмыс істейді. Білікті мамандар қыз-келіншектерге өзін-өзі ұстауынан бастап, сөйлеу әдебіне дейін үйретеді.

Бүгіндері қазақстандық нәзікжандылар ерлермен қатарласып, еліміздің саяси, экономикалық және қоғамдық өміріне белсене араласып жүр. Сонымен қатар, әйелдер өмірлік маңызды салаларда еңбек етеді, бірқатары түрлі кәсіптің тұтқасын ұстаған. Жиынға қатысқан Сенат депутаты Әсем Рахметова елімізде көшбасшы қыз-келіншектерді шыңдауға арналған “Tomiris” атты жобаның іске қосылғанын айтты. Оның сөзінше, бағдарлама аясында оқыту курсынан өткен жандардың өмірі түбегейлі өзгереді екен.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, Сенат депутаты:

– Сенатта әйелдерді қолдауға арналған түрлі жобалар дайындалып жатыр. Мемлекет басшысы гендерлік саясаттың маңыздылығына ерекше назар аударып, еліміздегі әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін жиі айтады.

Басқосуға облыстың дамуына зор үлес қосып жүрген 10-нан астам іскер әйел қатысты.

 

Нұрасыл Ахмет