Солтүстік Қазақстан облысында өртке қатысты ахуал күннен-күнге ушығып барады. Өткен жылғы деректі ұсынайық. Былтыр сәуірдің 7-сі мен 17-сі аралығында аққайыңдар өлкесінде бірде-бір дала өрті тіркелмеген. Ал биыл мұндай жайт 4 мәрте болыпты. Яғни, 10 күнде бірнеше рет қайталанған. Салдарынан бақандай 35 гектар аумақ қызыл жалынның астында қалған.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Өрт қаупі жоғары кезең басталысымен облыста 55 арнайы топ құрылды. Олардың құрамына 356 адам кіреді. Осы топтармен өңір аумағында 62 рейд шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде тиісті ережені бұзып, тілсіз жаудың бас көтеруіне себепші болған 10 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтар болсақ, 9 адамға ескерту берілді. Ал 1 адамға айыппұл салынды, оның көлемі 29 490 теңгені құрайды.
Дала өрттерінің 90 пайызына адам себепші екен. Біреудің техникасынан ұшқын тараса, екіншісі табиғат аясындағы демалысқа немқұрайлы қарайды. Жанып жатқан отқа мән бермейді, соңында шоқты сөндірмейді. Ал бұл жайсыз жайтқа алып келеді.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Таяу арада саяжайларда, ормандарда кәуап қуыру кезеңі басталады. Жалынды қараусыз қалдырмау қажет. Түптеп келсек, ағаш ішінде от жағуға болмайды. Демалатын арнайы орындар бар, сол жерде көңіл көтеруді сұраймыз. Тұрғындар жазғы үйлерінің аумағын жинайды. Қоқысты алыстау жерде өрттеу керек. Жалын нысаннан кемдегенде 50 метр жерде болғаны маңызды.
Брифинг барысында Дмитрий Растихин балалардың қауіпсіздігіне жеке тоқталды. Алда демалыс келе жатыр. Ұл-қыздар оттан, сіріңке жағудан аулақ болуы тиіс. Сонымен қатар, оларды пеш жағылған үйде қалдырмаған абзал.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Өңір аумағында жылыту маусымы әлі жалғасып жатыр. Осы орайда пеш жағатын жеке үй тұрғындарына айтарым бар. Көктем ерте келгенімен әлі от жағасыздар. Ауа райы құбылмалы мұндай кезеңде түтін жолдары бітеліп қалатын жайттар болады. Сондықтан, пештің жай-күйіне мән беру қажет. Улы газдың баспанаға таралуына жол бермеген маңызды.
Сөз соңында ағымдағы жылға қатысты жалпы статистиканы ұсынайық. Қаңтар айынан бері облыста 143 өрт болған. Бұл былтырғыдан 7 пайызға көп. Оттың салдарынан 13 адам қаза тапқан, оның 3-еуі – бала. Өкінішке қарай, мұнда да 8 пайыздық өсімді көреміз.
Байболат Құлтанов