Сарнауық торғай, көгілдір көгершін, сұр қарға, шауқарға, сауысқан. Бұл құстарды өңірімізде жиі кездестіруге болады. Қазір жастар саябақта осы құстарды іздеп тауып, оларды суретке түсіріп алып, атауын табудан жарысуда. Облыс орталығында спорттық орнитологиядан жарыс ұйымдастырылды. Сайысқа университет студенттері қатысты.
БАҚЫТЖАН СҮЙІНДІКОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
– Мен жергілікті университетте “Биология және химия” мамандығына оқимын. Құстарға деген қызығушылығымды осыдан бір жарым жыл бұрын өзімнің оқытушым оятқан болатын. Бос уақытымда солардың тіршілігін зерттеумен айналысамын. Біздің өңірде Қызыл кітапқа енген қызылжемсаулы қарашақаз, шиқылдақ қаз, сұңқылдақ аққу, бүркіт сияқты қанаттыларды кездестіруге болады.
Қатысушылар 2-3 адамнан 5 командаға бөлініп сайысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, спорттық орнитологиядан жарыс тек көктем немесе күз мезгілінде ғана өткізіледі екен. Өйткені, дәл осы уақыттарда тіршілік иелерін бақылау өте қолайлы көрінеді.
МИХАИЛ КАЛАШНИКОВ, облыстық бёрдвотчерлер клубының көшбасшысы:
– Сайыстың ережесі бар: құстарды үркітіп алмау қажет, басқа қатысушыға кедергі келтіруге болмайды және қанаттыларды өзіңе қарай шақыру үшін дыбыс қолдануға тыйым салынған. Негізі, бұл шараның тәрбиелік мәні зор. Спорттық орнитология жастардың бойында табиғатты қадірлеу туралы түсінік қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы, қазір өңірімізде құстардың 300-ге жуық түрі мекен етеді.
Мәдина Қаби