Мәдениет

Петропавлда “Қара қыз” фильмінің көрсетілімі өтті

Бүгін теріскей тұрғындарының назарына “Қара қыз” атты көркем фильм ұсынылды. Режессері – Талғат Теменов. Соғыс кезеңі баяндалатын драма біздің өңірде және Алматы облысында түсірілген болатын. Оған Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрынан 6 бірдей актер қатысыпты. Соның бірі – Константин Демидов. Ол басты кейіпкер Асқарбектің жақын досы болып ойнайды.

КОНСТАНТИН ДЕМИДОВ, “Қара қыз” фильмінің актері:

– Фильм негізі соғыс өмірін толықтай баяндайды. Одан бөлек, кіршіксіз таза махаббат, шынайы достық жайлы. Басты кейіпкерлер – Асқарбек пен Алмагүл. Жігіт майданға аттанады, қызы елде қалады. Алдымен Асқарбекпен төбелесіп қаламыз. Кейін жақын достардың біріне айналамыз.

Көрермендерге жол тартқан фильм 2 сағатқа жалғасты. Оны тамашалауға біраз халық жиылды. Туындыны баршасы кірпік қақпай тамашалап, ерекше әсер алды.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, көрермен:

– Қаншама соғыс жайлы фильмдер түсіріліп жатса да бүгінгісі өте ерекше болып тұр. Туынды жастарға да, үлкендерге де өте өтімді.

Келген көрермендер фильмнің өте жоғары деңгейде түсірілгенін айтып, жерлес актерлердің өнеріне ризашылықтарын білдірді.

 

Мәдина Қаби