Қоғам

Отызында орда бұзған білікті маман

Орталық, Жұмысшы кенті, Жас өркен, Ойқала ықшам ауданы. Бұл жердегі үйлерге, ғимараттарға “Петропавл жылу желілері” серіктестігінің 1-ші сорғы станциясы жылу береді. Бұл – 5 сорғы станцияның ең негізгісі. Мұнда электр монтері Михаил Весна еңбек етеді. Оның міндеті – сымдардың дұрыс жалғануы, тоқтың кедіргісіз жүруі. Жұмыс өте жеңіл сияқты. Алайда, бұнымен кейіпкеріміз келіспейді. Ол қателік жіберсе, қаланың басым бөлігі жылусыз қалады.

МИХАИЛ ВЕСНА, «Петропавл жылу желілері» ЖШС электр монтері:

– Жұмысым таңғы 9-да күн жоспарлаудан басталады. Ең алдымен әріптестерімізбен ақылдасып, қандай электр желісіне назар аударатынымызды анықтаймыз. Сосын сол нүктеге барамыз. Егер апаттық жағдай болып жатса, бірден себебіне көз жеткізіп, сымдарды өте мұқият жалғауға тура келеді. Шыны керек, мен бұл салаға бала күннен жақынмын.

Михаил бала күнгі арманын қуалап, мектеп аяқтаған соң қаламыздағы Б.Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжіне қалаған мамандығына түскен. Қолына диплом алғалы да 10 жылға жуықтады. Содан бері электр монтері ретінде еңбек етіп жүр. Ортада сыйлы, әріптестері оның біліктілігін жоғары бағалайды.

АНДРЕЙ ВАСИЛЬЕВ, “Петропавл жылу желілері” ЖШС энергиямен қамтамасыз ету қызметінің бастығы:

– Михаилмен бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға 6 жылдай болып қалды. Осы аралықта ол өзінің жұмысқа деген жауапкершілігімен және адалдығымен көзге түсті. Әріптесім түн ортасында шұғыл жағдайлар болып жатса да еш қарсылықсыз келіп, барлығын дұрыстайды. Өз ісінің шебері деп сенімді түрде айта аламын. Бастаған ісін соңына дейін апармай қоймайтын талапты жас.

Қазір сорғы станциясында Михаил Геннадьевич сияқты 5 маман бар. Бірақ, әлі де жұмысшы қажет. Жерлестеріміз қатарға жастардың қосылғанын қалайды.

 

Мәдина Қаби