Егін егетін мезгіл де жақындап келеді. Қызылжар ауданындағы “СК-Вагулинское” серіктестігі науқанға сақадай сай. Білікті мамандарға тек ауа райы ғана кедергі болып тұр. Агроқұрылым биыл 11 мың гектар алқапқа дән сіңірмек. Маңызды жұмысқа 30-ға жуық тегеурінді техника шығады екен.
ЕРҒАЛИ ТАБЫЛДИНОВ, “СК-Вагулинское” ЖШС бас агрономы, Қызылжар ауданы:
– Биыл 8 мың гектар алқапқа бидай, 2 мыңына майлы дақыл егеміз. Қалғаны мал шаруашылығына қажет жемшөпке арналған. Жыл сайын 900 тоннаға жуық минералды тыңайтқыш аламыз. Бұл біздің мол өнім алуымызға септігін тигізеді. Ағымдағы жылы Ресейден 150 тонна элиталық тұқым әкелдік.
Серіктестік қазіргі таңда ылғалды жабу жұмыстарымен айналысып жатыр. Маңызды шаруаға 7 техника мен 15 адам жұмылдырылған. Көктемгі егіс науқанына қажет жанар-жағармай да жеткілікті екен.
ЕРҒАЛИ ТАБЫЛДИНОВ, “СК-Вагулинское” ЖШС бас агрономы, Қызылжар ауданы:
– Биыл бірінші рет жасымық егеміз. Ауа райы қолайлы болса маңызды науқанды айдың соңында бастауды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы орташа есеппен гектарына 30 центнер өнім алғанбыз. Біз бұл статистиканы 20 пайызға көтергіміз келеді.
Серіктестікте 100-ден астам адам жұмыс істейді. Мұнда оларға бар жағдай жасалған. Тіпті, егіс пен орақ науқанында аянбай еңбек еткен жандарға сыйақы беріледі екен. Жалақылары да бірде-бір рет кешіктірілмепті.
ЯРОСЛАВ СВИСТУН, “СК-Вагулинское” ЖШС басқарушысы, Қызылжар ауданы:
– Ылғалды жабу жұмыстарымен күні-түні айналысып жатырмыз. Серіктестікте еңбек етіп келе жатқаныма 10 жылдан асты. Былтыр машина-трактор паркі толығымен жаңартылды.
Айта кету керек, серіктестік ауыл ішіндегі абаттандыру жұмыстарына қолдау көрсетеді. Спорттық және мәдени шараларға демеушілік жасайды екен.
Нұрасыл Ахмет