Қала әкімі Серік Мұхамедиев пәтер иелері кооперативі төрағаларымен кездесу өткізді. Мына жандардың шаһар басшысына қоятын сұрақтары жетерлік. Себебі, әр тұрғын өздері тұрып жатқан үйдің маңайында бар жағдайдың жасалғанын қалайды. Жиын басында Серік Мақсұтұлы қатысушыларға қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, облыс орталығының көркеюіне үлес қосуларын сұрады.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Петропавл – біздің ортақ үйіміз. Қаламызды көркейту – ортақ міндетіміз. Барлығымыз бірлесе әрекет етсек, шаһардың келбетін жақсартып, балаларымыздың жайлы өмір сүруіне жағдай жасаймыз. Мен өз тарапымнан абаттандыру жұмыстарына жауапты ұйымдарға өз міндеттерін сапалы әрі уақытылы істеуді тапсырамын.
Кездесу барысында аулаларды абаттандыру, қоқыс шығару, сенбілік ұйымдастыру, тұрғын үйлерді күтіп ұстау сияқты мәселелер көтерілді. Қала әкімі барлық сұрақтарды мұқият тыңдап, оларды шешу жолдарын ұсынды. Шаһар басшысына алғашқылардың бірі болып Ы.Алтынсарин көшесі, 61 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің пәтер иелері кооперативінің төрайымы Ольга Демидова сұрақ қойды.
ОЛЬГА ДЕМИДОВА, қала тұрғыны:
– Ауламызда қоқыс жәшіктері жетіспейді. Тиісінше, үйіміздің маңайы 1 күн болмай қалдыққа толады. Соның кесірінен айналамыздың астан-кестені шығып жатыр. Жауапты ұйымдардан қоқысты күн сайын әкетулерін сұрадым немесе қоқыс жәшіктерінің санын көбейту қажет.
Кездесу соңында қала әкімі орынбасары мен абаттандыру жұмыстарына жауап беретін ұйым басшыларына жиында айтылған барлық түйткілді шешуді тапсырды.
Нұрасыл Ахмет