Қоғам

Арықбалық ауылында абаттандыру шаралары қарқынды жүріп жатыр

Арықбалық – Айыртау ауданындағы шоқтығы биік елді мекендердің бірі. Мұнда 2 мыңға жуық адам тұрады. 700-ден астам түтін бар. Ауыл өзінің тұмса табиғатымен мақтана алады. Елді мекеннің айналасы жасыл желекке толы. Маңында көлі мен тауы бар. Қаладағы у-шудан шаршап, тыныққысы келетін жандар үшін таптырмас орын деп айтуға толық негіз бар.

АЯН ӘШІМОВ, Арықбалық ауылдық округінің әкімі, Айыртау ауданы:

– Ауылымыздың мұнтаздай болуы үшін біз апта сайын сенбіліктер мен бейсенбіліктер өткізіп тұрамыз. Мына әсем табиғатты көру үшін елді мекенге туристер көп келеді. Сондықтан, мұндағы көрініс жұрт қызығарлықтай болуы тиіс. Жалғыз ол емес, тұрғындарымыздың денсаулығы үшін де осындай тазалық шаралары жиі ұйымдастырылады.

Бәріміз білеміз, қазіргі таңда елді мекен тұрғындарының көбі қалаға көшіп жатыр. Оған себеп, жұмыстың жоқтығы мен жағдайдың жасалмауы. Арықбалықта ауылдық ағайынның басқа жаққа қоныс аудармауы үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тұрғындар орталықтандырылған жылу және сумен қамтылған. Өткен жылы ойын алаңдары толығымен жаңартылыпты. Маңызды шаруаға 36 млн теңге жұмсалған. Тағы 4 көшеде жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.

АЯН ӘШІМОВ, Арықбалық ауылдық округінің әкімі, Айыртау ауданы:

– Биыл ауылдағы саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл жұмысқа облыстық қазынадан 23 млн теңге бөлінді. Маңызды шаруа келесі апта басталады. Тұрғындарымыз белсенді. Ұйымшыл деп айта аламын. Сенбіліктер мен бейсенбіліктерден қалыс қалмайды. Үйлерінің аумағын да көктем келісімен жинастырып қояды.

Түсірілім барысында елді мекенді жинастырып жатқан бір топ адамды көрдік. Әрбіреуімен тілдестік. Тұрғындар бірауыздан елді мекенде оларға бар жағдай жасалғанын айтты.

БАЯН ЖАНАСОВА, Арықбалық ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Ауылда бізге бар жағдай жасалған. Арықбалықта тұрып жатқаныма 15 жыл болды.

Жалпы, Арықбалық ауылдық округінің құрамында 6 елді мекен бар. Олардың барлығында қоса алғанда 3 мыңға жуық адам мекен етеді.

 

Нұрасыл Ахмет