Петропавлда «Ұлы Отан соғысы кезіндегі медицина қызметкерлері: Ерлігі мен Мұрасы” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Отты жылдары сарбаздар майданда жан алысып, жан беріссе, ал дәрігерлер мен санитарлар госпитальдарда күн-түн демей тер төкті. Ұрыс даласында еңбек еткендер де жетерлік. Олар миллиондаған адамды аяққа тұрғызды, жеңісті жақындатты.
АЗАМАТ МАҒЗҰМОВ, СҚО денсаулық сақтау саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы:
– Соғыста 22 млн жауынгер жарақат алып, ауруханада жатқан. Соның 17 млн емделіп, майданға қайта аттанған. Бұл – үлкен еңбек. Біздің шынашақтай ғана қызметкерлеріміз оқ қарша болаған ұрыс даласынан 80-90 келі солдаттарды алып шығып отырған.
Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің тарихы соғыспен байланысты. Оның алғашқы түлектері алғашқылардың қатарында майданға аттанған.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Соғыстың алдында біздің облыста түрлі аурулар өршіп тұрыпты. 1930 жылы Петропавлда медицина мектебі құрылған. Соның түлектерінің негізі соғысқа кеткен. Бір бөлігі қаладағы емханаларда қалып, сарбаздарды емдеген.
Тарихқа үңілсек, соғыс жылдары өңірімізде қосымша 5 емдеу қосыны құрылған. Сол мекемелерде жұмыс істеген мамандардың, яғни колледж түлектерінің біліктілігі таң қалдырады. Олар науқастардың басым бөлігін емдепті. Бұл жайлы архивте тайға таңба басқандай жазылып тұр.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– 1942 жылы біздегі емханаларда 2800 адам жатқан. Солардың 72 пайызы жазылып, соғысқа кетіпті. Бұл дерек архивте тұр.
Конференция барысында маңызды деректер айтылды, жерлестеріміздің ерлігі баяндалды. Батырлардың жанкешті істерін ой елегінен өткізгенде дене тітіркенеді. Базарбай Төлебеков деген петропавлдық Смоленск түбінде ажал құшқан. Фельдшердің денесі тек 47 жылдасын табылған. Мұны баяндамашы студенттерден естідік.
НҰРСАЯ МАНАСБЕКОВА, Ж.Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенті:
– Менің баяндамам Төлебеков туралы. Ол біздің колледжді тәмамдап, 20 жасында майданға аттанған. Сол жылы қайтыс болған.
Алқалы жиынға колледж студенттері тыңғылықты дайындалыпты. Олар тарихи сәттерді сахнада көрсетіп, жиналғандардың көңілін босатты.
Байболат Құлтанов