Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазақта “Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді” деген бар. Бірлік – біздің баға жетпес байлығымыз. Тұғырлы Тәуелсіздіктің негізі, діңгегі десек те болады. Елдегі тұрақтылық, бейбітшілік жайын сөз етсек, Қазақстан халқы Ассамблеясы бірден еске түседі. Құрылғанына биылғы наурыздың алғашқы жұлдызында 30 жыл болған саяси институт – қазір қоғамдағы беделді ұйымдардың бірі.

Оң қолды жүрек тұсқа қойып, Әнұранды сезіне шырқаған жандардың басым бөлігі – жергілікті Ассамблеяның мүшелері. Қоғамның айрандай ұюына сүбелі үлес қосып отырған жандар осылар. Олар әрдайым құрметке, қошеметке лайық. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазақстан халқы Ассамблеясы жылдар бойы халқымыздың бірлігін нығайтуға, қоғамдағы келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Ассамблеяның белсенді қызметі еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға, сондай-ақ, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге жол ашты.

Атқарылған жұмыс атан түйеге жүк болады. Жақында елорда төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтпек. Оған өңірден 40-қа тарта делегат қатысады. Астанадағы алқалы жиын қарсаңында жергілікті институт кеңесінің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды. Басқасу басында ілкімді істер жіпке тізілді.

АЛЕКСЕЙ ХАН, СҚО ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары:

– Этномәдени бірлестіктер мәдениетаралық байланыстарды нығайта отырып, облыстық Ассамблеяның басқа да бірлестіктерімен және бөлімшелерімен бірлескен іс-шараларды жиі өткізеді. Мысалы, поляктардың “Коперник” орталығы Халықаралық ана тілі күніне арналған шараны ұйымдастырды. Татар-башқұрттардың мерекесі “Сабантой” тойланды. Сонымен қатар, “Салт-Дәстүр” этномарафоны, «Екі жұлдыз» облыстық вокалдық байқауы, ұлттық ойындар бойынша “Этностардың ойындары” спартакиадасы өтті.

Осы және өзге де жұмыстар әртүрлі буынды қамтиды. Түрлі жиындарда алпыстағы ақсақалды да, алтыдағы баланы да кездестеріміз. Бұл дұрыс бастама деуге толық негіз бар. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дегендей, қоғамдық өмірге белсене араласқан жас ертең ұлы жолды жалғайды, тұрақтылықты ту етеді. Сырт көзге мұндай шаралар теңізге тамған тамшыдай болып та көрінуі мүмкін. Дегенмен, елдің бірлігі тырнақтай істерден құрылады, сол арқылы жұртшылық жұдырықша жұмылады.

Қазақстанның дамуына, елдің бірлігіне үлес қосқан жандар кеңес барысында марапатталды. Оларға Ассамблеяның 30 жылдығына орай мерейтойлық медаль табысталды.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, СҚО ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі:

– Ассамблея қабырғасындағы кеңеске сарапшы ретінде 10 жыл мүшелік етемін. Солтүстік Қазақстан университетінің жастарына насихаттау жұмысын жүргіземіз. Сонымен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаймыз, әдістемелік құралдарды шығарамыз.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық кеңесінің кеңейтілген отырысында филиал төрағасының қоғамдық орынбасары ауысты. Бұл қызметке еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Рашбиль Евдаевтің кандидатурасы ұсынылды. Кеңес мүшелері ұсынысты бірауыздан қолдады.