Қоғам

Петропавлда өткеннен сыр шертер “Ұлы Жеңістің қадамы” атты көрме ашылды

Бүгін Петропавлда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай “Ұлы Жеңістің қадамы” атты көрме ашылды. Салтанатты шараға ардагерлер, түрлі ұйым өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Жиналғандар ең алдымен батырларымызды 1 минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Сондай-ақ, соғыс жылдарындағы тауқыметтер мен майдангерлеріміздің жанқиярлық ерліктері сөз болды.

ДІЛНАЗ ҚАЙЫРБОЛДЫ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Көрмеде 150 экспонат пен 400-ге жуық сурет бар. Жәдігерлердің көбін Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтарынан алдық.

Шара барысында экскурсия жүргізушісі бізге батырлардың үйіне жіберген хаттары мен қолданған заттары жайлы айтып берді.

Әскерилердің көбі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қарап, бой түзейді. Мәселен, Сәкен Ормантаевтың атасы да соғысқа барып, елдің азаттығы үшін фашистерге қарсы тұрған. Ол атасының жолын қуып, осы жолды таңдаған екен.

СӘКЕН ОРМАНТАЕВ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі облыстық департаментінің басқарма бастығы:

– Елдің амандығы үшін жанын берген батырлар әрқашан құрметке лайық.

Шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Чинишловтің шөбересі Глеб Чинишлов атасының соғыста жүріп, анасына жазған хатын оқып берді.

Осы ретте тың деректермен бөліссек. Ұлы Отан соғысына 100 мыңға жуық солтүстікқазақстандық аттанған. Оның 45 мыңы қайтып оралмаған. Өңіріміз бойынша 56 ардагерге “Кеңес Одағының батыры” атағы берілген.

 

Нұрасыл Ахмет