Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған кезекті шара. Бүгін Қызылжар ауданына қарасты Новоникольское ауылында шағын футболдан жарыс өтті. Теңбіл доп додасына аталған елді мекенмен қоса, іргелес жатқан ауылдардан келген 4 команда қатысты. Сайысты жергілікті әкімдік өкілдері ұйымдастырып отыр.
АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– Басты мақсатымыз – ауылдық жерде бұқаралық спортты дамыту. Тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Шағын футболдан жарыс бір уақытта 4 елді мекенде өтіп жатыр. Жеңімпаз атанғандары 2-ші мамыр күні Бескөлде өтетін финалдық кезеңге жолдама алады.
Ең алдымен алаңға Новоникольское мен Архангельское ауылының командалары шықты. Екі команда да бір-біріне дес берер емес. Алаңның әр бұрышында допқа тартыс жүріп жатыр. Бос тұрған бір ойыншыны көрмейсің.
АЛЕКСАНДР ПОДЛЕСНЫЙ, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:
– Нивоникольское ауылында бірде-бір адам жай жүрмейді. Барлығымыз жұмыс істейміз. Соған қарамастан біз футбол ойнауға уақыт табамыз. Себебі, елді мекенде спортпен айналысуға бар жағдай жасалған. Бүгінгі жарыстан тек бірінші орын алуды жоспарлап отырмыз.
Жарыстың қорытындысы бойынша Новониколькое ауылының тұрғындары топ жарып, финалдық кезеңнің жолдамасына ие болды. Айта кету керек, Қызылжар ауданында жыл бойы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған 250-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылады.
Нұрасыл Ахмет