Құқық қорғау органдары

Биыл серіктестіктерде заңсыз тексеріс жүргізген 30-дан астам мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылды

Бүгін облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Алқалы жиынға өңір жетекшісінің орынбасары Қанат Дүзелбаев қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қадағалау органы 2023 жылдан бастап маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуде. Басты мақсат – инвесторлардың құқығын қорғау және өндіріс саласындағы ахуалды жақсарту.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:

– Кез келген құқық қорғау органдары инвестициялық жобаларды тексермес бұрын прокуратураның алдынан өту керек. Ағымдағы жылы біздің рұқсатымызсыз тексеріс жүргізген 32 мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Инвестиция тарту – облысымызды дамытудың бірден-бір жолы. Сондықтан, кәсіпкерлер құзырлы органдардың тарапынан қолдауға ие болса, сала қарыштап дамитыны сөзсіз.

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Былтыр Солтүстік Қазақстан облысына 556 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылды. Біз Үкімет бекіткен жоспарды 99,7 пайызға орындадық. Толығырақ тоқталсам, тартылған қаржының 75 пайыздан астамы жеке инвестиция болып табылады. Мұнда да айтарлықтай өсім бар. Ағымдағы жылы аймаққа 650 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталуы тиіс.

Әрине, кәсіптен нәсіп көру жолында әр іскер азамат түрлі қиындықтарға тап болады. Басқосуға келген инвесторлар мемлекеттік орган өкілдері өздерінің заңсыз әрекеттерімен жығылғанға жұдырық болмаса игі дейді. Қадағалау органы мамандарының сөзінше, мемлекеттік қызметкерлердің көбі серіктестіктерде заңсыз тексерулер жүргізген. Бұны аймақтағы ірі құс фабрикаларының бірі “Северный бройлер” серіктестігінің директоры Сергей Домаев та растап отыр.

СЕРГЕЙ ДОМАЕВ, “Северный бройлер” ЖШС бас директоры:

– Облыстық прокуратурамен тығыз байланыстамыз. Биылдың өзінде қадағалау органы 3 мәрте құқығымды қорғап, заңсыз әрекет еткен мемлекеттік қызметкерлерді жазаға тартты. Шынымды айтсам, бұрын кедергілерге тап болған кезде кімге жүгінетінімді білмейтінмін. Бүгінгі кездесу кәсібімнің алға басуына зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Облыс прокурорына көкейімде жүрген бірнеше сұрағымды қойып, тұшымды жауап алдым.

Жиын соңында қатысушылар прокурорлар мен кәсіпкерлердің арасында ортақ чат ашу керек екендігін айтты.

 

Нұрасыл Ахмет