Петропавлдағы Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде “Ашық есік күні” шарасы өтті. Оған қалалық мектептердің 9-шы және 11-ші сынып оқушылары қатысты. Жиын барысында жастарға білім ұясы туралы, жұмысшы мамандықтар жайлы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, зертханалармен танысу және дәстүрлі кәсіби шеберлік чемпионаты ұйымдастырылды.
АНАР НҰРҒАЛИЕВА, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің әдіскері:
– WorldSkills-2025 өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты 2 құзыреттілік бойынша өтіп жатыр. Олар: “Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу”, “Электромонтаждау жұмыстары”.
“Жүз рет естігенше, бір рет көр” деген бар. Жұмысшы мамандықтарды жастарға насихаттау, колледж жайлы толығырақ айту мақсатында басшылық JuniorSkills-2025 чемпионатын да өткізуді жөн көрген.
АНАР НҰРҒАЛИЕВА, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің әдіскері:
– Чемпионат “Құтқару жұмыстары” құзыреттілігі бойынша өтуде. Оған 1-ші курс студенттеріміз, қалалық мектептердің және Қызылжар ауданындағы Озерное орта мектебінің оқушылары қатысып жатыр.
Қазір жастардың жұмысшы мамандықтарға аса құлшыныс танытпайтыны жасырын емес. Олар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді қалайды.
КӘМИЛА АМАНГЕЛДІ, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:
– Өзім журналист болғым келеді. Бірақ, адамда екінші нұсқа болу керек. Мен осы коллеж жайлы білуге келдім.
Колледж еңбексүйгіш, білімге құштар жастарды қабылдауға дайын. Бүгінде мұнда оқитын қыз-жігіттердің басым бөлігі – грант иегерлері. Олар ай сайын жалақы алады, ұсынылатын жатақхана да бар.
АНАР НҰРҒАЛИЕВА, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің әдіскері:
– Біздің колледжде батыс Қазақстанның, оңтүстік Қазақстанның балары оқиды. Жатақханамен қамтимыз. Алдағы оқу жылында жаңа мамандықтар ашылады.
Бүгінде Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде 9 мамандық және 13 құзыреттілік бойынша кадр дайындалады. Студент саны мыңнан асып жығылады.
Байболат Құлтанов