Көбінің күндегі жұмысы компьютер қосумен басталса, Максим Щетинкиннің еңбек уақыты аялдамаға көбік жағудан басталады. Қалың шаң-тозаң жабысқан аялдама 20 минуттан кейін жарқырап шыға келеді.
Аялдама жуу – оңай жұмыс емес. Күннің астында, желдің өтінде тұрып шыныны көбікпен ысқылап, кірі кетпесе қайта жуып, белгілі бір нәтижеге жету ыждаһаттылықты қажет етеді. Максим осылай күніне 20 аялдама жуып шығады екен. Бір-біреуін тазалауға 50 литр су кетеді.
МАКСИМ ЩЕТИНКИН, тазалау қызметін көрсететін серіктестік қызметкері:
– Жұмысым өзіме ұнайды. Аялдаманы жуу барысында жұмысымызға кедергі келтіретін нәрсе – жапсырулы тұрған жарнама қағазы. Оны қырып тазалау үшін біраз уақытым кетеді. Таңғы сағат 9-дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істеймін. Мен жуып отырсам, әріптесім шыны айғыз болмауы үшін оны сүлгімен сүртіп, кептіріп отырады.
Таза аялдама – көше көркі екені сөзсіз. Жинақы тұрған жерде автобусты да күту жалықтырмайды.
Облыс орталығында барлығы – 300-ге жуық аялдама бар. Олардың тазалығына осы екі жігіт жауапты. Айта кетейік, сәуірдің 16-сы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарының кәсіби мерекесі.
Мәдина Қаби