СҚО-да бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Теріскейде салауатты өмір салтын ұстанам дейтін жандарға бар жағдай жасалған деп мақтанышпен айта аламыз. Оған мына статистика дәлел бола алады. 2024 жылы өңірімізде 36 су жаңа спорт нысаны ашылды. Бұл орталықтарға кез келген солтүстікқазақстандық келіп, дайындала алады. Жалпы, теріскейліктер 56 спорт түрімен айналысады екен. Оның 27-сі – олимпиадалық.
ӘДІЛХАН САҒЫНДЫҚОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Облыста 28 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Орталықтарда 13 мың 400 жас спорттың түр-түрімен айналысады.
2024 жылы салада оң өзгерістер орын алды. Ең алдымен спортшыларымыздың жетістіктеріне тоқталсақ. Былтыр теріскейлік толағайлар 1354 медальды қанжығаға байлаған. Оның – 350-ге жуығы алтын. Петропавлдың өзінде әлемдік стандарттарға сай келетін “Qyzyljar” теннис орталығы мен зәулім “Береке” спорт кешені ашылған болатын. Соңғы аталған ғимаратта Жоғары спорт шеберлігі және 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Алғаш аталған мектепке елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал кәсіби бокстан әлем чемпионы Жанат Жақиянов жетекшілік етеді. Өзінің мықтылығын дүниежүзіне дәлелдеген азамат жастарды чемпион болуға жетелейді деп толық сеніммен айта аламыз.
ЖАНАТ ЖАҚИЯНОВ, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы:
– Жоғары спорт шеберлігі мектебінде волейбол, күрес, бокс залдары бар. Орталық 2024 жылдың қазан айында ашылды.
Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Спортпен шұғылданатын жеткіншектерден ел ертеңін ойлайтын азамат шығады. Түсірілім барысында ұл-қыздармен тілдесіп көрдік. Олардың барлығы болашақта олимпиада, әлем чемпионы болғысы келетінін жеткізді.
ДИАС ЕРМЕК, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі:
– Қазақ күресімен 7 айдан бері айналысамын.
Спортпен шұғылдану – адамның иммунитетін күшейтіп, түрлі дертке қарсы тұруға зор септігін тигізеді. Есте сақтау қабілетін жақсартып, тіпті, жүрек- қантамыр жүйесінің қызметін жақсартатын көрінеді. Спорттық медицина дәрігері Жұлдыз Хасенова әр адам спортпен дұрыс айналыса білуі қажет дейді.
ЖҰЛДЫЗ ХАСЕНОВА, спорттық медицина дәрігері:
– Кез келген жаттығуды бастар алдында дене қыздыруды ұмытпау қажет. Өйткені, бірден кірісіп кетсеңіз, жарақат алып қалу қаупі жоғарылайды. Содаң соң, міндетті түрде ыңғайлы спорттық киім киген аса маңызды. Тағы бір айтарым, жаттықтырушының айтқанын бұлжытпай орындау керек. Тамақтану мен ұйқы режимін дұрыстаған абзал.
Өңірімізде спорт саласындағы оң өзгерістер биыл да өз жалғасын табады. Ағымдағы жылы Мамлют, Қызылжар мен Уәлиханов аудандарында әлемдік стандарттарға сай келетін орталықтар қолданысқа беріледі.
Нұрасыл Ахмет