Ауыл шаруашылығы

Айыртау ауданындағы “Аманат жер 2020” серіктестігі егіс науқанына 80 пайызға дайын

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында диқандар егістік науқанын бастайды. Агроқұрылымдар бүгінде көктемгі дала жұмыстарына техникаларын дайындап жатыр. Арнамыздың түсірілім тобы қауырт кезең алдында Айыртау ауданындағы “Аманат жер 2020” серіктестігіне барып, әзірліктерін көріп қайтты. Шаруашылық маңызды науқанға 80 пайызға дайын. Бір қуантарлығы, мұндағы машина-трактор паркінің 70 пайызы жаңа.

ЕЛДОС ТОҚМЕТОВ, “Аманат жер 2020” ЖШС директорының орынбасары, Айыртау ауданы:

– Серіктестік биыл 17 мың гектар аумаққа дән сіңіреді. Алқаптарымызға дәнді-дәнді бұршақты және майлы дақылдар егеміз. Барлығы – 50-ге жуық техникамыз бар. Шаруашылықта 160-тан астам адам еңбек етеді. Ауа райы қолайлы болса, 20-сәуір күні егіс науқанын бастаймыз.

Диқандардың сөзінше, мына трактор-комбайндар ескі техникадан 3 есе артық жұмыс істейді. Бұл жұмысты жеңілдетіп, маңызды науқанның аз уақыттың ішінде аяқталуына зор септігін тигізеді. Тегеурінді техникалардың іші кең, рөл тізгіндеген жанға да қолайлы жағдай жасалған. Бұны серіктестік инженері Асылхан Ақпанов та растап отыр.

АСЛАНБЕК БАДЫМОВ, “Аманат жер 2020” ЖШС инженері, Айыртау ауданы:

– Серіктестікте еңбек етіп келе жатқаныма 5 жыл болды. Осы уақыттың ішінде бірде-бір рет жалақымыз кешіктіріліп берілген емес. Мұнда бізге бар жағдай жасалған.

Агроқұрылым алқаптарының 60 пайызына дәнді-дәнді бұршақты дақылдар егіледі. Қалғаны майлы дақылдарға тиесілі. Бас агроном Асылхан Ақпановтың сөзінше, мына сапалы сары алтын Ресейден әкелінген екен.

АСЫЛХАН АҚПАНОВ, “Аманат жер 2020” ЖШС бас агрономы:

– Ағымдағы жылы 1500 тонна минералды тыңайтқыш алдық. Бұл біздің күзде мол өнім алуымызға септеседі. Одан қалды мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр. Тек аянбай еңбек етсек болғаны. Ауа райы қолайлы болып, ісіміз оңға басса, рекордты көлемде өнім алуды жоспарлап отырмыз.

“Аманат жер 2020” – Айыртау ауданындағы шоқтығы биік серіктестіктердің бірі. Агроқұрылым былтыр орташа есеппен гектарына 30 центнер өнім алған. Білікті мамандар биыл бұл статистиканы 20-30 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр.

 

Нұрасыл Ахмет