МТРА жаңалықтары

Теріскейлік және астаналық өнерпаздар сынға түсті

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Атақты Еріктердің ізі қалған Қызылжарға айтыс деген аламан қайтадан жетті. Естеріңізде болар, Наурыз қарсаңында облыс орталында республикалық командалық айтыс өтті. Онда солтүстікқазақстандық және шығысқазақстандық ақындар, жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өзара сынға түсті. Қазылар алқасының шешімі бойынша теріскейліктердің асығы алшысынан түсіп, келесі кезеңге өтті. Бұл кезеңдегі қарсылас – астаналықтар. Міне, тараптар арасындағы бәсеке аяқталғалы тұр. Қайым айтыста өңіріміздің намысын Жарқын Жұпархан қорғады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Өңірімізге танымал Жарқын Жұпархан туымызды жықпады. Ол қайым айтыста таразы басын теңестірді. Ендігі сайыс термешілер арасында өтті. Бұл додада мықты анықталмады. Қазылар қос өнерпазға бірдей баға берді. Бұдан кейін төрешілер жеңімпаз анықталмағандықтан ақылдасу бөлмесіне кетіп, нақты шешім шығарды. Командалардың ақындары топпен айтысып, өнерлерін көрсетті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Енді нағыз таланттар, өнер иелері топтасқан жерде нағыз бәйге болары сөзсіз. Төрешілерге мықтыны анықтау өте қиын болды. Дегенмен, астаналықтардың жолы болды. Олар келесі кезеңге өтті. Төрешілердің шешімі бойынша барлығы 10 деген ұпай алды. Айта кетейік, бұл мегажоба Солтүстік Қазақстан облысында тәмәм. Өкінішке қарай, жерлестеріміз келесі кезеңге шықпады. Бұл додада нағыз таланттар, яғни балалар да қанат қақты десек болады. Өңіріміздің өнерпаздарын Жарқын Жұпарханның ұлы Сұлтан Жарқынұлы таныстырды.

СҰЛТАН ЖАРҚЫНҰЛЫ, жас ақын:

– Менің Диас Аяған деген ақын ағам бар. Сол екеуіміз таныстыруды 1 күн жаздық. Көп зерттедім, көп ойландым. Соңында тамаша таныстыру шықты.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазылар алқасында дәстүрлі әншілерді бағалайтын адам да болды. Ол арнайы шақырылыпты. Маман өңіріміздегі өнердің дамуына зор бағасын берді.

ДӘУРЕНБЕК ӘРКЕН, қазылар алқасының мүшесі, Қарағанды облысы:

– Жаңа 2 әншіні де тыңдадық. Әншілер жоғары деңгейде орындады. Екеуіне де жоғары баға бердік. Былтыр Петропавлда Ақан серінің мерейтойына орай дәстүрлі әншілердің байқауы өтті. Даму бар. Жақсы дәстүрлі әншілер шығып жатыр.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Сонымен, бүгінгі бәсекеде астаналық өнерпаздар жеңіске жетті. Бұл мегажобаның финалы мамыр айында Ақтауда өтпек.