Қоғам

СҚО-да 3 теміржол вокзалы жаңғыртылады

Ғабит Мүсірепов ауданы үшін Новоишимское ауылындағы вокзалдың маңызы зор. Бұл жерден күн сайын тонна-тонна жүк өтеді, тұрақты түрде жолаушы қатынайды, бір сыпыра тұрғын еңбек етеді. Өкінішке қарай, негізгі нысан әбден ескірген. Ғимарат өткен ғасырдың ортасында салыныпты. Осыдан 10 жыл бұрын ағымдағы жөндеу жүргізілген.

Көптің тілегі қабыл болды. Биыл теміржол вокзалы қайтадан жаңғыртылады. Ауқымды жұмыс Премьер-Министр Олжас Бектеновтың тікелей тапсырмасы бойынша басталады. Бүгінде құрылыс компаниясы, техникалық бақылау жүргізетін ұйым анықталған. Жобамен ауданға арнайы барған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов танысты.

КӘРІБАЙ ШАЯХИН, “ПМК-5” ЖШС басшысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Шатырды ауыстыру керек. Өзім білікті құрылысшымын. Қарамағымда 50 адам еңбек етеді.

Кездесуге сала ардагерлері шақырылыпты. “Жаңа Есіл” станциясында 40 жылдан аса еңбек еткен Ибрагим Шаймерденов мәселеден хабардар. Тілдесу барысында ағамыз бірнеше ұсынысын ортаға салды. Соның бірі – перронды ұзарту.

ИБРАГИМ ШАЙМЕРДЕНОВ, ҚР Құрметті теміржолшысы:

– Қазір бізге ұзын пойыздар келеді. Ал біздің перронның ұзындығы 350 метрді құрайды. Талап бойынша 500 метр болу керек. Сонда жолаушылар қиналмай мініп-түседі.

Жүздесуде вокзал аумағында қызмет көрсету орындарын ашу, қарттар үшін билет кассасын іске қосу сынды бұйымтай да айтылды. Мұның барлығы ескеріледі. Станция іші адам танымастай өзгермек.

Жылу жүйесі жаңаланады, күту залы кеңейтіледі, перрон ұзартылады, бұдан өзге де жұмыстар бар. Тобықтай түйінге тоқталсақ, ауданды Атырау, Павлодар, Қарағанды, Астана, Көкшетау сынды қалаларымен байланыстыратын вокзал жаңа кейіпке енеді. Ескерер жайт, мұндай маңызды шаруа аймақтың өзге де аудандарында басталады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Теміржол вокзалдарын және оның аумағын жөндеу жөніндегі Премьер-Министрдің тапсырмасы бар. Өңірімізде 3 нысан таңдалды. Олар: Ғабит Мүсірепов, Айыртау және Тайынша аудандарындағы станциялар. Бүгінгі таңда мердігерлер, техникалық бақылау жүргізетін ұйымдар анықталды. Барлығының салада көп жылдық тәжірибесі бар. Вокзалдардың төңірегі әкімдік есебінен қалыпқа келтіріледі. Жұмыс жақын арада басталады.

Мүсіреповтіктер аспанға бөрік атар күнді асыға күтіп отыр. Қазір мәселе министрлікте пысықталып жатыр. Жақында жоғарыдан хат жетуі қажет.

ИБРАГИМ ШАЙМЕРДЕНОВ, ҚР Құрметті теміржолшысы:

– Үкіметке, облыстық, аудандық әкімдікке алғыс білдіремін. Өте қажет жоба деп білеміз.

Зейнеткерлер ақыл-кеңеспен келсе, жұмыс орнына асқан құрметпен қарайтын еңбеккерлер нысан аумағын тұрақты тұрде тазалап тұрады. Айтпақшы, жақында аудан орталығындағы “Жаңа Есіл” станциясы жоғары статусқа ие болмақ. Оның деңгейі Астанадағы, Көкшетаудағы вокзалдармен теңеседі.