Сағат таңғы 10-ның кезі. Ауа райының суықтығына қарамастан шаһар көшелерінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Қолдарына сыпырғыш, тырнауыш пен күрек ұстаған жандар Тұңғыш Президент саябағын күл-қоқыстан тазартып, жан-жағын ретке келтіріп жатыр. Кез келген шарадан қалыс қалмайтын, облысымыздың дамуына зор үлесін қосып жүрген ассамблеялықтар бұл жолы да өз белсенділіктерін танытты.
ДАРИҒА СМАИЛОВА, «Ассамблея Жастары» РҚБ СҚОФ төрайымы:
– Мен үшін қаламның таза болғаны аса маңызды. Белсенді жастар болып апта сайын сенбіліктерге шығып отырамыз.
Тұңғыш Президент саябағы – қаламыздың ең көрікті жерлерінің бірі. Аталған аумаққа күн сайын жүздеген адам келіп, серуен құрады. Петропавлға келген меймандар да бұл демалыс орнын көргісі келетіні сөзсіз. Сондықтан, мұндағы көрініс адам шошитындай емес, жұрт қызығарлықтай болуы тиіс.
Облыс әкімі аппаратының мамандары да тазалық шарасынан қалыс қалмады. Олардың сөзінше, айналаның мұнтаздай болуы – денсаулық кепілі.
ЕРНАР МЫРЗАХАН, СҚО әкімі аппаратының бөлім басшысы:
– Сенбілік – бұл жай ғана тазалық шарасы емес. Осы арқылы қала тұрғындарының бірлігін көруге болады. Жалпықалалық сенбіліктер жиі өткізілсе екен деймін.
Бұл күні қаламыздың қай аумағына барсақ та қолына тырма, күректерін ұстаған жандарды көрдік. №1 қалалық ауруханаға қызметкерлері де жалпықалалық шара аясында өздері жұмыс істеп жатқан жердің маңайын тазартты. “Емдеу мекемесінің аумағы таза болуы науқастар үшін аса пайдалы”,- дейді ақ халатты маман Руслан Тасов.
РУСЛАН ТАСОВ, №1 қалалық аурухана директорының міндетін атқарушы:
– Ауруханамызда сенбі немесе бейсенбі күні ғана маңайды тазарту керек деген ұғым жоқ. Біз кез келген күні аумақты сыпырып, жинап отырамыз. Себебі, емдеу мекемесінің іш мен сырты да мұнтаздай таза болуы керек. Бүгін сенбілікке 50-ге жуық қызметкеріміз шықты. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады.
“Таза Қазақстан” акциясы аясында өткен шараға қала бойынша 3 мың адам қатысты, 1 мың тонна қоқыс шығарылды. Сенбілікке 100-ден астам техника жұмылдырылды. Өткен аптада облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қаланың тазалығына жауапты мердігерлердің жұмысын сынға алған болатын. Сондықтан, мына жиналған қалдық далада бірнеше күн тұрып қалмай, бірден полигонға жеткізілсе игі.
Нұрасыл Ахмет